Германияның сыртқы істер министрі БҰҰ Бас Ассамблеясының президенті қызметін атқарады

Фото: EUCouncilTVNews

АСТАНА. KAZINFORM — 2025–2026 жылдары БҰҰ Бас Ассамблеясының президенті қызметін дипломат Хельга Шмид атқаруы тиіс еді, алайда оның орнына бұл лауазымға Германияның сыртқы істер министрі Анналена Бербок тағайындалды, деп хабарлайды Bild.

Бейресми түрде БҰҰ-ға неміс кандидатын тағайындау туралы шешім қазірдің өзінде қабылданды, ал дауыс беру тек формальды болады.

Анналена Бербокты тағайындау туралы шешім Германияда қатты сынға ұшырады, өйткені ол билік ауысқаннан кейін және «Жасылдар» үкіметтен кеткен соң қабылданды.

Бұған дейін қарастырылған 64 жастағы Хельга Шмид халықаралық дипломатияда мол тәжірибеге ие. Ол Еуропалық сыртқы байланыстар қызметінде маңызды лауазымдар атқарған, Иранмен ядролық келіссөздерде ЕО-ның бас келіссөз жүргізушісі болған және 2020-2024 жылдары ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы қызметін атқарған. Енді БҰҰ-дағы қызметтен бас тартқан соң, ол Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында жұмысын жалғастырады.

BILD басылымының мәліметінше, Шмид бұл қызметке тағайындалмайтынын тек соңғы сәтте білген, ал Батыс Еуропа елдері бұл лауазымды алдын ала Германиямен келіскен. Дипломатиялық ортада тағайындаулардың өзгеруі мүмкін екені айтылғанымен, бұған дейін БҰҰ Бас Ассамблеясы төрағасы лауазымына ешқашан қызметтегі министр тағайындалмаған.

Бербок өзінің тағайындалуын қорғай отырып, бұған дейін сыртқы істер министрлері мен премьер-министрлердің де осындай қызметтерді атқарғанын алға тартты. Оның айтуынша, халықаралық тұрақсыздық жағдайында БҰҰ «бұрынғыдан да маңызды», сондықтан Германия онда ерекше жауапкершілік алады.

Ақпанда Германияда Бундестагқа кезектен тыс сайлау өтті.