- Ғылым және жоғары білім министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, ғылыми-инновациялық қызметке инвестициялар тарту жөніндегі ведомствоаралық іс-қимыл жоспарының жобасын әзірледі. Жоспар жобасында ғылым мен инновацияларға инвестиция көлемін арттыруға бағытталған бірқатар шара қарастырылған. Оған жеке сектор мен кәсіпкерлерді ғылыми-инновациялық жобаларды қаржыландыруға тарту, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға сыртқы қаржыландыру көлемін ұлғайту, жеке қосалқы қаржыландыру тетіктерін дамыту, венчурлік қорлар құру, сондай-ақ бірлескен зертханалар мен R&D орталықтарын ашу кіреді, - деп атап өтті ведомстводан агенттіктің ресми сауалына орай.
Құжатта бірқатар нысаналы индикатор белгіленген. Атап айтқанда, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға тартылатын сыртқы қаржыландыру көлемі, жеке қоса қаржыландыру үлесі, венчурлік қорлар мен бірлескен зертханалар және R&D орталықтарының саны ескерілмек.
- Жоспар іс-шаралары шетелдік инвесторларды тартуға, ғылыми-инновациялық қызметті венчурлік қаржыландыру тетіктерін дамытуға, инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыруға, сондай-ақ халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастық пен ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды дамытуға бағытталған, - дейді министрліктен.
Айта кетейік, Курчатов қаласына ғылыми қалашық мәртебесін 2027 жылдың үшінші тоқсанында беру жоспарланған.