Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясына академиялық атағы берілді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 2 желтоқсандағы № 1032 қаулысына сәйкес Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясына академиялық мәртебе берілді.
Филармония директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Халиолланың мәлім еткеніндей, өткен жылы 1 тамызда қос мекеме – «Атамекен» өнер ордасы мен филармония оңтайландыру тәсілімен қосылып, қазіргі кезде 300-ден астам адам жұмыс істейді.
Бауыржан Ергенұлының сөзіне қарағанда, филармония құрамында Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, Ш.Қажығалиев атындағы эстрадалық-симфониялық оркестрі, «Атамекен» халық биі, фольклорлық, классикалық камералық, вокальдық-камералық ансамбльдері өз шеберліктерін ұштап келеді. Ерекше атап өтер жайт, «Атамекен» ерлер би ансамблі республикада тұңғыш рет Батыс Қазақстан облысында ашылды. Бірыңғай дәстүрлі әншілер бөлімі де тек осы филармонияда құрылған.
Сондай-ақ елге танымал дәстүрлі әншілермен қатар классикалық және эстрадалық туындыларды орындаушылар еңбек етеді.
Биыл Чех Республикасында 56-шы рет ұйымдастырылған «Liptálské slavnosti – 2025» халықаралық фольклор фестиваліне Қазақстан бірінші рет шақырту алып, қазақ фольклорлық өнерін еуропалықтарға таныстыру миссиясы Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясына бұйырды. Фестиваль аясында филармония әртістері Злинский өлкесінің Ратибор, Сенинка, Липтал елді мекендерінде сахнаға шықты.
Сонымен қатар филармония ұжымы Алматы қаласындағы Республика сарайында «Ақ Жайықтан ақ сәлем!» атты концерт қойды. Жайық өңірінің маңдайына біткен біртуар тұлғалар — Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығы, Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығы, Ескендір Хасанғалиевтің 80 жылдығына арналған кеште жергілікті авторлардың шығармашылығы да насихатталды.
Оған қоса филармония әртістері Қырғызстан Республикасының Ақбұлақ ауылында еңбек батыры Тоқтоғон Алтыбасарова атындағы мәдениет үйінде өнер көрсетті.
- Академиялық мәртебенің берілуі — алдағы жылы 60 жылдығын тойлайтын филармония үшін үлкен абырой. Бұл жоғары атаққа сай болу үшін филармония ұжымы алдағы уақытта да аянбай еңбек ете беретін болады, - деді Б.Халиолла.
Оның айтуынша, ақпарат және жарнама бөліміне қарасты фото-видео студиясы іске қосылды. Аталмыш бөлімге қарасты өндірістік цехы ашылды. Шеберлік цехына жұмыс барысын жеңілдететін лазерлік станок, плоттерлік станок, термо пресс құрылғылары сатып алынды. Бұл жаңа жабдықтар шығармашылық топтың дизайндарына жан бітіріп, сапалы әрі жедел өнім шығаруға мол мүмкіндік береді. Кәдесыйлар, мерекелік марапаттар, брендтік өнімдер, сахналық атрибуттар — барлығы осы шеберханада дайындалып, өндіріледі.
«Атамекен» концерт залының сахнасы да жаңа технологиямен толықтырылды. Филармония ұйымдастырған шараларда 3D MAPPING жүйесінде жұмыс істейтін лазерлік проектор қолданылатын болады.
3D Mapping — бұл арнайы жобаланған бейне мен нақты объектінің геометриясын сәйкестендіріп, оларды «біртұтас» етіп көрсететін технология. Мұндай формат көрерменге жаңа көркемдік әсер береді және дәстүрлі декорацияларды виртуалды кеңістікпен алмастырып, визуалдық фон береді.
2025 жылы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің қолдауымен мекемедегі қос оркестрдің музыкалық аспаптары толықтай жаңартылды. Кей аспаптар Еуропа мен Америкадан жеткізілді.
Мекемеге соңғы үлгідегі 50 орындық автобус та сатып алынды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда мәдениет саласының үздіктері марапатталғанын жазған болатынбыз.