Бітімгерлер қақтығысқа қатыспайды
БҰҰ-ның әлемдегі алғашқы бітімгершілік миссиясы 1948 жылы мамырда «Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік шарттарының орындалуын бақылау органы» деген атпен құрылды. Көп өтпей БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі бейбітшілікті сақтау бойынша тұңғыш миссиясын бекіткен болатын. Содан бері жаһан елдері шиеленіс өршіп тұрған нүктелердегі жанжалдарды тоқтатуға әскер жібере бастады.
Тәуелсіздік алған жылдан бері Қазақстан әлемдік аренада бейбітшілік бесігі ретінде танылуға тырысты. Мемлекет шартараптағы қақтығыстан бейтарап болғанымызбен, кейін әлемде қалыптасқан жағдайға бей-жай қарамайтынын білдіру үшін «ынтымақ тобына» қосылуды қалағаны бар. Осы мақсатпен 1992 жылы 35-жеке гвардиялық әуе-десант бригадасының 300 жауынгері тәжік-ауған шекарасындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге аттанғанын білеміз. Ал 2001 жылдың ақпанына дейін 10 мыңнан астам қазақ сарбазы ТМД мемлекеттерінің оңтүстік шекарасын қорғауға қатысты. Бұлар еліміздің алғашқы бітімгерлері ретінде тарихта қалған еді.
Десе де Қазақстанның ұжымдық миссияға қатысуы 2000 жылдарға тиесілі. 2000 жылы «Қазақстан бітімгерлер батальоны» құрылып, еліміз арнайы миссияларға қатыса бастады. Сол жылы Қазақстан НАТО-ның «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасы бойынша бітімгерлік қызметін бастады.
Кейін 2003 жылы танымал «Қазбаттың» инженерлік-саперлік жасағы алғаш рет Иракқа барды. Бес жыл ішінде қазақстандық бітімгерлер 4,5 миллионның үстінде түрлі оқ-дәріні, оның ішінде миналарды, зымырандар мен снарядтарды жоюға жәрдемдесті. Негізінен террористік шабуылдан зардап шеккен жергілікті халыққа медициналық көмек көрсетіп, 6700 текше метрден астам суды тазартқан болатын.
Оған қоса 2017-2018 жылдары еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде қабылданғаннан кейін бітімгерлік бағытында көптеген ауқымды жұмыс атқарды. 2018 жылы Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші болып БҰҰ миссиясы аясында Ливанға құрамында 500 сарбазы бар өзіміздің бітімгерлік бөліністерімізді аттандырдық.
Кейін қазақстандық офицерлер мен әскери бақылаушылар БҰҰ миссияларына кезең-кезеңімен жіберіле бастады. Қорғаныс министрлігінің дерегінше, кейінгі жылдары Азия, Таяу Шығыс және Африка өңірлеріндегі жеті бітімгерлік миссияға 900-ден астам сарбаз қатысқан. Ал тәуелсіздік жылдары БҰҰ қамқорлығындағы миссияларға мыңға жуық әскери атсалысыпты, оның ішінде 80 азамат байқаушы және штаб офицері ретінде қызмет атқарған.
– Қазіргі уақытта қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның бірнеше халықаралық миссиясында қызмет атқаруда. Атап айтқанда, әскери қызметшілер Ливан, Батыс Сахара, Конго Демократиялық Республикасы, Орталық Африка Республикасы және Голан жоталарындағы миссияларға қатысып жүр.
Бүгінде 154 қазақстандық бітімгер БҰҰ-ның 7 миссиясында қызмет етеді. Оның ішінде Голан жоталарындағы БҰҰ миссиясында 139 әскери қызметшіден тұратын Қазақстанның алғашқы дербес ұлттық контингенті жұмыс атқаруда, – делінген министрліктің Kazinform-ға берген жауабында.
Ұлттық контингент және бітімгерлер дайындығы
Қазақстан – ТМД елдерінің ішінде БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясына жеке мандатпен қатысуға рұқсат алған жалғыз мемлекет. Қазір аталған шиеленіс аймағында толыққанды ұлттық контингент ретінде қатысып отырмыз. Яғни, халықаралық операцияға жеке офицерлерді ғана емес, тұтас әскери бөлімшені жұмылдыратын деңгейіне жеттік. Қазіргі таңда Таяу шығыстағы әскеріміз атысты тоқтату режимін сақтау секілді маңызды тапсырмаларды орындап отыр.
Ұлттық контингент құруға рұқсат алу оңай емес. Ол үшін мемлекет құқықтық базаны жетілдіріп, әскери даярлық жүйесін дамытуы шарт. Талапқа сай болу үшін қорғаныс министрлігінің жанынан Бітімгершілік операциялар орталығы (KAZCENT) құрылған болатын. Онда бітімгерлерді құқықтық, тілдік, гуманитарлық және психологиялық тұрғыдан жан-жақты дайындайтын жүйе қалыптасқан. Бітімгерлік миссиясына аттанатын әр сарбаз осы құрылымнан мұқият дайындықтан өтеді.
Жалпы Бітімгершілік операциялар орталығы 2006 жылы қорғаныс министрлігінің Шет тілдер институтында «Бейбітшілік үшін серіктестік» оқу орталығы ретінде құрылған. 2010 жылы орталық Одақтастық Жоғары Трансформациялау Қолбасшылығының (SACT) штаб-пәтері болып танылды. Ал 2019 жылы UNSOC және UNPOC орталығының курстары БҰҰ-ның тиісті сертификатын алды.
Бітімгершілік операциялар орталығының баспасөз хатшысы Батыр Тұяқовтың айтуынша, ұлттық бітімгерлік контингенті миссия алдында 3 айлық дайындықтан өтеді.
– БҰҰ операцияларында тәртіп, тілдік дайындық, техникамен жұмыс, логистика және төтенше жағдайда әрекет ету қабілеті қатаң бағаланады. Сондықтан орталықта әскери іске қатысты 12 курс ұйымдастырылады. Сонымен қатар БҰҰ-ның көпұлтты миссияларындағы халықаралық қарым-қатынас тілдері ретінде ағылшын, француз, түрік және қытай тілдері үйретіледі, – дейді баспасөз хатшысы.
Айта кетерлігі, Батыр Тұяқов – тек орталық маманы емес, өзі де бітімгер. Ол 2021 жылы Ливанда штаттық офицер қызметін атқарды. Ал 2023 жылы Конго Демократиялық Республикасына ел атынан аттанған алғаш әскери қызметшінің қатарында.
– 2023 жылы Конго Демократиялық Республикасына әскери бақылаушы ретінде бардым. Әскери бақылаушы дегеніміз – қарулы қақтығыс аймақтарындағы екі тараптың шарттар мен тыныштықты сақтау режимін қадағалайтын кәсіби маман. Ол жақта уақытында баянат жазып, сараптама әзірлеп әрі сарапшы ретінде жұмыс істедім. 2025 жылы шілде айында миссияны аяқтадым, – дейді бітімгер.
Жуырда Голан жоталарындағы екінші ұлттық контингент БҰҰ миссиясынан оралғанын білеміз. Ресми мәлімет бойынша, олар тек бақылаушы емес, тікелей қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.
Екінші контингенттің жетекшісі майор Әнуар Арынғазиевтің айтуынша, әскери қызметшілер мыңнан астам тапсырманы орындаған. Оның ішінде:
- 798 рет патрульдеу жүргізілген;
- 56 оқу-жаттығу ұйымдастырылған;
- 63 жарылғыш зат залалсыздандырылған;
- 57 уақытша бақылау бекеті құрылған;
- ресми тұлғаларды 15 рет қауіпсіз алып жүру қамтамасыз етілген.
Мұның барлығы ауқымды тәжірибе мен психологиялық дайындықты қажет ететінін ескерсек, елдегі даярлық орталықтары қойылған міндетті еңсерді деуге негіз бар.
Бітімгерлерге бөлек мәртебе бар ма?
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бітімгерлік контингент құрамында болған сарбаздарға әлеуметтік жеңілдік пен кәсіби қолдау қарастырылған. Мысалы, аталған санаттағы әскери қызметшілердің лауазымдық жалақысы үш есе артық төленеді және БҰҰ тарапынан қосымша қаржылай төлемі тағы бар. Қазір Голан жоталарындағы сарбаздарға ай сайын 1500 доллар шамасында қосымша қаражат беріліп отыр.
– Миссия аяқталғаннан кейін әскери қызметшілерге шипажайлық-курортта ем алу мүмкіндігі беріледі, жыл сайынғы еңбек демалысына қосымша 14 тәулік қосылады. Оған қоса сарбаз жарақат алған жағдайда өтемақы және әлеуметтік кепілдікке ие, – дейді министрліктегілер.
Бұған қоса шетелден келген сарбаздың лауазымын өсіруге басымдық берілмек. Себебі халықаралық тәжірибе жинақтаған маман кейінгі буынның кәсіби білігін арттыруы қажет.
Бүгінде Қазақстан жаһандық бейбітшілікті нығайтуға үлес қосқан елеулі елге айналды. Әлемдік қауіп-қатерлерге қарсы күресте БҰҰ-ға қолғабыс етіп, халықаралық миссия арқылы өз ойын жеткізуде. Мұндай ұстаным елдің ғана емес, тұтас аймақтың қауіпсіздікке қатысты көзқарасын өзгертері анық.