Грекияда кеденшілер мен қаржы министрлігінің қызметкерлері үшкүндік ереуілге шықты

АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат - Грекияда кеденшілер мен қаржы министрлігінің қызметкерлері жалақыны қысқарту туралы үкімет жоспарларына наразылық білдіріп, үшкүндік ереуілге шықты,

деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

Кеденшілердің айтуынша, министрлер кабинетінің жалақыны қысқартып, сыйақыларды азайту ниеті олардың әрқайсысы үшін жылына орта есеппен 2260 еуроға түскелі отыр.

Ақпанның 4-інде осындай наразылық акциясын өткізген кеденшілердің бұл жолғы ереуілі Грекия арқылы тауарлардың тасымалын үш күнге кідірткелі тұр. Оған қоса, мұнай айдаушы кәсіпорындар, кеденшілердің рұқсатынсыз май құю стансыларына отын жөнелте алмайтыны тағы бар. Бензин жетпей қалады деп алаңдаған жүргізушілер көптеген май құю стансыларында ұзыннан-ұзақ кезекте тұр.

Ақпанның 19-ында такси иелері де 24 сағаттық ереуіл жарияламақ, бірақ ең үлкен наразылық акциясы ақпанның 24-іне жоспарланып отыр: бұл күні жекеменшік және мемлекеттік секторлар кәсіподақтарының бірлескен ереуілі болады.

Ал ақпанның 10-ы болған мемлекеттік сектор қызметкерлерінің ереуіліне грек әуе диспетчерлері де қатысып, Грекия аспанында барлық жолаушылар мен жүк ұшақтарының сапарлары 24 сағатқа тоқтаған еді.