Гүл сатушы жігіттің бір күнде бағы ашылды - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 9 шілде, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сүйенсек, дүниежүзінде жыл сайын 15 миллиондай адам туберкулез дертін жұқтырады екен. Ең өкініштісі, оның 2 миллионға жуығы осы дерттен көз жұмады, депжазады « Егемен Қазақстан » газеті бүгінгі санындағы «Өкпе ауруы өршімесін десек...» атты мақалада.

Мақала авторының атап өтуінше, елімізде де өкпе ауруының екпіні бәсеңсігенімен, әлі құлан-таза айығып кеттік деуге ерте, әрине. Неге десеңіз, Қазақстанда биылдың өзінде тіркеуде тұрғандардың саны 146 400-ге жеткен. Тіркелмегені қаншама?! Өйткені, халықтың көбі өздігінен медициналық - флюорографиялық тексеруден өтпейді. Туберкулез ауруының өршуіне осы салғырттық та себеп болып отырғаны жасырын емес.

Бірақ мемлекет салаға қандай жағдай жасаса да, туберкулезбен тек денсаулық сақтау қызметкерлері күресіп, үлкен нәтижеге жете алмайды. Ең алдымен, тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырып, уақытылы тексеруден өтуін қа­дағалау қажет. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегендей, саламатты өмір сүрудің қарапайым қағидаларын әрбір азамат сақтай білсе, бұл аурудың тамыры түбімен жойылар еді, дейді маман.

Бұдан аз ғана уақыт бұрын ғаламторда Алматыдағы Әуезов пен Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы көлік кептелегін МАИ қызметкерлері келгенше реттеп, мыңдаған машиналардың сауабын алған жігіт туралы бейнежазба кезіп кетті, деп жазады « Егемен Қазақстан » газеті бүгінгі санындағы « Гүл сатушы жігіттің бір күнде бағы ашылды » атты мақалада. Қайырымды жігіттің бұл әрекетін жүргізушілердің өздері ұялы телефондарына жазып, әлеуметтік желілерге салған болатын. Оны ұмытып та кеткен болатынбыз. Жақында әріптестеріміз осы азаматты «АЛМА ТВ» телекоммуникациялық компаниясы өздерінің Contact орталығына жұмысқа алғанын қуана хабарлады. Біз де бір күнде бағы ашылған гүл сатушыны тауып алып, аз-кем сұхбаттасып, жанымыз жадырап қалды, дейді мақала авторы. Жігіттің аты-жөні Ербол Дүйсебаев екен. Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында көп балалы отбасында туып-өскен. Өзінен үлкен үш бауыры және үш інісі бар. Сонымен, ол М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, өткен жылы университетті тәмамдап, жұмыс мәселесімен Алматыға келеді.

- Өз мамандығыма сәйкес жұмыс табылған жоқ. Алайда, Алматы үлкен шаһар болғасын, өзіме шақ кішігірім жұмыстар болды, соларды істедім. Осы жылдың наурыз айынан бастап гүл сатумен айналыстым, - дейді Ербол. - Оқиға болатын күні жұмыстан шығып, Сәтбаев пен Әуезов көшелерінің қиылысына жақындағанда, күрделі кептелісті байқадым. Оның ішінде бір жас қыздың көлігі бұзылып қалғандай болды. Жақындап келіп қарасам, жанармайы таусылып қалыпты. Көлікті бір-екі жігіттің көмегімен жолдың шетіне итеріп шығардық. Сосын ығы-жығы болып тұрған машиналарға қарасам, МАИ қызметкерлері әлі келіп үлгермепті. Жүргізушілердің қиналып жатқанын көріп, көмектескім келді. Сөйтіп, қиылыстың ортасына шықтым да, жол қозғалысын реттеуге кірістім, - дейді Ербол Ертайұлы. Сол күні Еуразия телеарнасынан хабарласып, сұхбат алуға шақырды. Сонда мен осы заман интернеттің, ақпараттық технологиялардың заманы екенін нақты түсіндім. Тағы екі күн өткеннен кейін «АЛМА ТВ» қызметкерлері хабарласып, компанияның бас директоры менімен кездескісі келетінін айтты. Сосын әке-шешеммен, аға-әпкелеріммен ақылдастым. Олар осы сенің бағың болар деп жаңа жұмыстан бас тартпа деп батасын берді.

- Компания басшылары сені жұмысқа неге шақырғанын айтқан жоқ па?

- Маған да осы сауал өте қызықты болды. Өйткені, Қазақстанда әрбір салада жұмысқа лайықты жандар аз емес болар?! «АЛМА ТВ» басшыларының айтқаны: бізге ештеңеден қорықпайтын, өзіне сенімді, білімін қолдана білетін азаматтар керек деді.

***

2008 жылдың өзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шикізаттық экономиканың «сыр бер­генін», бұдан былай әлемдік тауар биржаларындағы баға ауытқуларына тәуелді болмайтындай жаңа индустриалды-инновациялық экономика құру жөнінде мәлімдеген болатын, деп жазады « Айқын » газеті бүгінгі санындағы « Брендтермен бірлесу керек » атты мақалада. Көп ұзамай-ақ осы нұсқаудың нәтижесіндей, 2010-2020 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық бағдарлама дүниеге келді. Осы бағдарлама бойынша жұмыс істеген еліміз алғашқы бесжылдықты қорытындылағанда, 750 мыңдай жаңа жоғары жалақылы, бұрын-соңды Қазақстанда шығарылмаған тауарлы өндіріс пен жұмыс істемеген жаңа инфрақұрылымдық қызметтер ашылғаны белгілі болды. Егер алғашқы бесжылдықтың өзінде жаңа бағдарлама осындай нәтиже берсе, онда оның өміршең жоспар екендігі даусыз шындық еді.

Соңғы кездері Қазақстанға тікелей инвестициямен келушілер саны өсіп келеді. Міне, осы жағдайларды біз шетелдік трансұлттық ком­панияларды елімізге инвестор ретінде көптеп тартуға пайдалануға тиіспіз, дейді мақала авторы.

Бүгінгі күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың алдында жаңа міндеттер мен мақсаттар қойып отыр. «Нұр Отан» партиясының 16 съезінде Елбасы Қазақстан мемлекеттілігін нығайту үшін бес институттық реформа ұсынды. Оның бірі - заң үстемдігін қамтамасыз ету, деп жазады осы басылымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы, Жоғары сот кеңесінің мүшесі Д.Нұралин « Біліктілік талаптары қатаң д атылуы қажет » атты мақаласында.

Автордың жазуынша, институттық реформаларды іске асыру мақсатында 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт жоспары әзірленді.

100 нақты қадамға негізделген Ұлт жоспары - жаңа тарихи жағдайларда еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары. Оны қадам-қадаммен орындау мемлекетімізді одан әрі дамытуда оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Заңның үстемдігін қамта­масыз ету мақсатында еліміздің құқықтық жүйесін дамыту мәселелері бойынша, 19 мақсатты қадам көзделген. Олардың бірі - судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін айқындау және біліктілік талаптарын қатайту.

Заңның үстемдігін қамта­масыз ету шеңберінде әзірленген іс-шараларды іске асыру сот төрелігін атқару сапасын жақ­сартуға, азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруға, Қазақстанның сот жүйесі қызметін құқық үстемдігінің әлемдік рейтингінде жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік тудыратынына сенімдіміз.