Бұл айыпты Швейцарияның федералды прокуроры алға тартты. Жұма күні жарияланған айыптау қорытындысында прокурорлар елдегі ең танымал қаржы институттарының бірі Lombard Odier-дің Гүлнара Каримованың жылдар бойы қылмыстық әрекеттерін жасыруға көмектесуде маңызды рөл атқарғанын айтты. Бірақ Lombard Odier бұл айыптауларды жоққа шығарды.
Бұрынғы банк қызметкері 2008-2012 жылдар аралығында Lombard Odier-дің «жеке клиенттер» бөлімінде жұмыс істеген және тоғыз банктік шот ашқан немесе ашуды ұйымдастырған деген күдікке ілінген.
Швейцария прокурорларының мәліметінше, Каримова мен тағы бір адам 2005-2012 жылдар аралығында Швейцариядағы The Office деп аталатын қылмыстық ұйымға қатысты деген күдікке ілінген.
— Айыптау қорытындысына сәйкес, тергеулер Швейцарияда жылыстатылған ақшаның бір бөлігі Женевадағы Banque Lombard Odier & Cie SA банктік байланыстары арқылы аударылған деген күдікті растады, - деп жазды SWI swissinfo.
Айта кетейік, бұған дейін Швейцария Гүлнара Каримованың 370 млн доллар активін тәркілегенін жазған едік.
Ал, Ұлыбритания билігі Гүлнара Каримованың мүліктерін тәркіледі.