БҰҰ басшысы қазіргі жаһандық архитектура, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Бреттон-Вудс жүйесі өзгеріп жатқан әлем жағдайында реформалауды қажет ететінін атап өтті. Оның пікірінше, дамушы елдердің халықаралық институттардағы өкілдігі мен ықпалын кеңейту қажет.
– Біріккен Ұлттар Ұйымы көпжақты жүйенің маңызды тірегі саналатын Шанхай ынтымақтастық ұйымымен көпжылдық әріптестікті жоғары бағалайды, – деді БҰҰ Бас хатшысы.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы аумағы мен халық саны жағынан әлемдегі ең ірі өңірлік ұйым саналады. ШЫҰ елдерінде шамамен 3,5 млрд адам тұрады. Ұйымды 2001 жылы Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан президенттері құрды. Кейін оған Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь қосылды.
ШЫҰ саммиті аясында Гутерриш Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Иран президенттерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Тараптар өңірдегі ахуалды, сондай-ақ бейбітшілік пен қауіпсіздық мәселелерін талқылады.
Иран Президенті Масуд Пезешкианмен кездесуде Гутерриш Таяу Шығыстағы қақтығыстың Иранға, өңірге және өзге елдерге тигізіп отырған ауыр гуманитарлық және экономикалық салдарына алаңдаушылық білдірді.
Ол халықаралық құқық нормаларын, соның ішінде Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы еркіндігін толық сақтай отырып, диалог жүргізу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ БҰҰ-ның ұзақмерзімді реттеуге бағытталған дипломатиялық күш-жігерді қолдауға дайын екенін растады.
Халықаралық қауіпсіздік пен Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу БҰҰ мен ШЫҰ ынтымақтастығын нығайтудың негізгі бағыттарының бірі ретінде аталды.
– Газа секторында атысты тоқтату режимін сақтау және қақтығысты реттеудің кешенді жоспарын толық жүзеге асыру қажет, – деді Гутерриш.
Ол сондай-ақ гуманитарлық көмек көрсетуге кедергілерді жоюға, Батыс жағалаудағы қоныстанушылардың шабуылдарын және елді мекендерді кеңейтуді тоқтатуға шақырды.
– Бейбітшілікке екі мемлекет құру туралы шешім жүзеге асырылған жағдайда ғана қол жеткізуге болады, – деді БҰҰ Бас хатшысы.
Гутерриш БҰҰ мен ШЫҰ ынтымақтастығының тағы бір бағыты ретінде дамуды қаржыландыру мен қаржы жүйесін реформалауды атады. Оның айтуынша, қазіргі жүйе дамушы елдерге шамадан тыс қарыз жүктемесін түсіріп отыр. Бас хатшы көпжақты даму банктері батыл қадам жасап, қаржылық қолдау көлемін арттыруы қажет деп есептейді.
Ол климаттық әділеттілік пен жаңартылатын энергетикаға көшуге, сондай-ақ аса маңызды пайдалы қазбаларды өндіру тәсілдеріне де назар аударды.
– Аса маңызды минералдарды басқару жауапкершілікпен жүзеге асырылып, тұрақты даму қағидаттарына негізделуге тиіс. Сонымен қатар өндіруші елдерде қосылған құнның неғұрлым жоғары деңгейі қамтамасыз етілуі қажет, – деді Гутерриш.
Айта кетейік, кеше Қазақстан бастамасымен БҰҰ жаңа экологиялық күнді бекітті.
Ал ШЫҰ-ның Бішкек саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін одан әрі жетілдіруге қатысты пікір білдірді.