Гвинея-Бисау жастарының Қазақстан ЖОО-ларында білім алғанын қалаймыз — Умару Сисоку Эмбало
АСТАНА. KAZINFORM — Гвинея-Бисау жастары Қазақстанның жоғары техникалық оқу орындарында білім алғысы келеді.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында елімізге ресми сапармен келген Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбало айтты.
— Қазақстан соңғы жылдары тұрақты даму мақсаттарын, оның ішінде табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, халықтың сұранысына жауап бере алатын экономикалық және әлеуметтік саясатты жүзеге асыру аясында үлкен тәжірибе жинақтады. Біз экономикалық байланысты, өзара тиімді шарттармен ауыл шаруашылығы, энергетика, цифрлық технология, көмірсутекті пайдалану саласындағы сауда-саттық алыс-берісін қолдағымыз келеді. Сонымен қатар, оқу мен білімге де айрықша назар аударамыз. Осы орайда Гвинея-Бисау студенттеріне Қазақстанның жоғары техникалық оқу орындарында білім алғанын қалаймыз. Біз осынау мүмкіндікті бірлесе қарастыра алар едік, — деді Гвинея-Бисау Президенті.
Мәртебелі мейман екі елдің табиғи ресурстарын да бірлесіп игеру мүмкіндіктерін қарастыруға пейілді екенін білдірді.
— Елдеріміздің бір-бірінен алшақ орналасқанына қарамастан мемлекеттеріміздің арасында өзара тиімді қарым-қатынас орнатқымыз келеді, — деді Умару Сисоку Эмбало.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге ресми сапармен келген Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбалоны салтанатпен қарсы алғанын жазған едік.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Гвинея-Бисауды Африка құрлығындағы маңызды серіктес ретінде қарастыратындығын айтты.