«Ғылым мен бизнесті реттейтін заң керек» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 18 сәуір, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Түркістан екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған Түріктің Тәңірі берген несібі ғой», деп жырлаған еді ұлы Мағжан. Қазақстан мен Түркия басшыларының қасиетті Түркістандағы кешегі басқосуы тарихи тамырластықтың, дәстүрлі достықтың келісті көрінісіне айналды. Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоған Түркістан қаласына жұмыс сапарымен барды. Екі елдің басшылары түркі дүниесінің рухани орталығы болған шаһарда Қ.А.Ясауи кесенесіне барып, бабалар рухына тағзым етті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Түркістан ер түріктің бесігі ғой» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Қазақстан мен Түркияның басшылары Түркістан шаһарында бой көтерген 2 мың орындық жаңа мешіттің ашылу салтанатына қатысты. Қос ел басшылары мешіт құрылысын жүргізу жөніндегі келісімге 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы аясында қол қойған еді. Жалпы аумағы 2 гектар аумақты алып жатқан мешіттің құрылысы Түрік Республикасы тарапынан қаржыландырылды. Мешіт мұнарасының биіктігі 33 метрді құраса, күмбезінің биіктігі - 31 метр. Қазақстан Президенті мен Түркия Президенті мешітке Құран сыйлады. Бауырлас екі елдің басшылары Халықаралық Қазақ-түрік университетінде Қазақстан тарапынан салынатын 500 орындық жатақхана кешені мен Түркия тарапынан салынатын 500 орындық профессорлар офисінің жобалық макеттерімен танысты.

Қазақстанның серпінді, өмір сапасы жоғары стандартты заманауи мемлекет ретінде дамуы адам әлеуетін, азаматтардың іскерлігін, азаматтық қоғамның одан әрі қалыптасуын белсенді ету негізінде ғана мүмкін болады. Отандық ғалымдардың азаматтық бастамалары туралы «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берген «Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бірінші вице-президенті, академик Нұралы Бектұрғанов кеңінен әңгімелеген. Басылым тілшісінің сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Ғалымдарымыз Қазақстанның Еуразиялық транзиттік хаб қана емес, Еуразиялық энергетикалық хаб болуына барлық мүмкіндігі бар екендігі жайлы идеясын негіздеуде. Дәл осы мақсатта Елбасы Қазақстанның барлық энергия көздерін, оның ішінде елімізде жеткілікті ғылыми әлеуеті және шикізат ресурсы бар атом энергиясы көздерін де кешенді дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Көмірдің, газдың, мұнайдың және уранның қорлары шектеулі және болашақта оларды пайдаланумен қатар электр энергиясын өндіру және сұйық отынды алу үшін дәстүрлі емес энергия көздерін - жанғыш тақтатасты, тұтқырлығы жоғары мұнайды, табиғи битумдарды, көмір қыртысының метанын, қоңыр көмірді және гидротермалды суларды, сондай-ақ газдандыру мен көмірді сығымдауды айналымға енгізу қажеттігі туындайтынын көрсетеді. Елімізде мұндай энергия көздерінің мол қоры бар», - дейді. Сұхбат «Азаматтық бастамалар - басты назарда» деген тақырыппен берілген.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, біздің елде ғылым мен бизнес қауымдастықтың арасындағы қарым-қатынастарды реттейтiн заңнама жоқ болып шықты. Сол себепті, ғылыми зерттеулер көп болғанына қарамастан, өндiрiске шыға алмай отыр. Себебi оны реттейтiн заң мен нормативтiк актiлер жоқ. Енді осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында алдағы уақытта «Ғылымның коммерциализациясы туралы» заң жобасын қабылдау қарастырылуда екен. Бұл жөнінде Бiлiм және ғылым министрлiгi ғылым комитетінің төрағасы Сансызбай Жолдасбаев мәлім етіпті. Комитет төрағасының айтуынша, плагиат мәселесімен қатар, ғылыми этика да ушығып тұр. Әсілінде дамыған шет мемлекеттерде - халықаралық ғылыми ортада ғылыми этика мәселесіне баса мән беріледі. Бұл ретте 1998 жылы ЮНЕСКО-ның бастамасымен ғылыми білім мен технология этикасы бойынша халықаралық комиссия құрылғанын айтуға тиіспіз. Ендеше, бізде де, бұл мәселені ғылым мен технология этикасы жөніндегі комиссия құру арқылы немесе ғалымдардың тиісті кодексін жасау арқылы шешуге болады деген ұсыныс бар. «Сонымен бірге ғылыми жүйеде ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыруда теңсіздік кездесіп отыр екен. Іргелі зерттеулер үлесі 23 пайызды, қолданбалы зерттеулер 58 пайызды, ал тәжірибелік-конструкторлық зерттеулер 19 пайызды құрайды. Экономикасы дамыған елдерде бұл көрсеткіш керісінше екен, яғни іргелі зерттеулер үлесі 15, қолданбалы зерттеулер 25 пайызды, ал тәжірибелік-конструкторлық зерттеулер 60 (!) пайызды құрайды екен. Міне, сол себепті, бізге тәжірибелік-конструкторлық зерттеудің маңызын арттырып, оны өндірісте қолдануды қамтамасыз ету қажет-ақ. Соған байланысты, осы саланы қаржыландыруды айтарлықтай көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте жеке сектордың қаржысын тартуға басымдық беріледі», - деді С.Жолдасбаев. Мақала тақырыбы - «Ғылым мен бизнесті реттейтін заң керек».

«Биыл еліміздің геологиялық барлау жұмыстарына 12,5 млрд теңге жұмсалады. Көрсетілген қаржының 6 млрд. теңгесі «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан бөлінді. Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаевтың мәлімдеуінше, 2015 - 2019 жылдар аралығында геологиялық барлауға 5 млрд доллар бағытталады», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Бес миллиард доллар бөлінді» деген тақырыптағы мақаласында.

Басылымның жазуынша, көрсетілген қаржы болашағы бар учаскелердi анықтауға, алтын, мыс және полиметалл кен орындарын iздеуге және барлауға бағытталады. Мақалада 4 шетелдiк iрi компания кен орындарын iздеуге 5,5 млрд теңге бөлуге ниет білдіріп отырғаны да жазылған. Бұл туралы «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ғалым Нұржанов айтыпты. «Біз геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция тарту бойынша 4 iрi шетелдiк компаниямен келiсiм жасадық. Олар концерн, компания, инвестициялық қор, сондай-ақ корпорация ретінде жұмыс жасап жатқан «Рио Тинта», «Илука», «Улмус фонд» және «KOPEC» сынды әлемге әйгілі ұйымдар.

Аты аталған компаниялардың өкілдері бастапқы кезеңдегi геологиялық барлау жұмыстарына 5,5 млрд теңге бөлуге әзір екендіктерін айтып отыр. Егер геологиялық барлау жұмыстары кезiнде қиындықтар туындап, қосымша қаражат қажет болатын болса, компаниялар инвестицияларының көлемiн 2-3 есеге дейін ұлғайта алатындарына сендіріп отыр», - деді ол.

«Петропавл орталығында бір миллион теңге, он мың доллар және қымбат тұрмыстық техника жұртшылық алдында өртелді», - деп жазады «Экспресс К» газеті «Гори оно синим пламенем» деген тақырыптағы мақаласында. Шындығында олардың барлығы да шенеуніктерге «рахмет» ретінде берілетін параның жасанды түрі болатын. Өзгеше акцияға жастар ұйымдарының жүзден астам мүшесі қатысты.

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Францияда миллионнан астам ара өздерінің балына батып кетті. Араларды алып келе жатқан жүк көлігі жол-көлік апатына ұшырап, соның салдарынан жәндіктердің барлығы өлген. Жол апатынан кейін жүк көлігіндегі әрқайсысында 20 мыңнан ара бар 72 омартаның барлығы қираған.