Тақырыпты талқылауға Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты мен Бейбітшілік және Келісім музейінің ұжымы, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ұжым алдындағы баяндамасында ҚазҒЗМИ-ның бас директоры Андрей Хазбулатов мемлекеттік биліктің тарамдары арасындағы өкілеттікті қайта бөлу сұрақтары бойынша қабылданып жатқан конституциялық шаралардың маңыздылығын айтып өтті.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа міндеттер Парламенттің жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктерге қатысты рөлін арттырады. Әлеуметтік-экономикалық үрдістерді қадағалау бойынша құзыреттердің басым бөлігі Үкіметке жүктеледі. Бұл сала үшін министрлер кабинеті және әкімдіктер жауап береді. Сонымен қатар,мемлекеттік бағдарламаларды бекіту құқығын Үкімет өз жауапкершілігіне алады. Үкімет өз құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды өз бетімен ұйымдастырып, жоя алады. Парламент, дәлірек айтқанда, парламенттік сайлауда жеңіп алған партия Үкіметтің қалыптасуында шешуші рөл атқаратын болады.
«Әрбір азамат осы талқылау кезеңіне белсенді атсалысуға міндетті, өйткені саяси жүйені демократизациялаудың жаңа қадамдарының қандай болатындығы бізге байланысты», - деді А. Хазбулатов.
ҚазҒЗМИ-ның аға ғылыми қызметкері Түгелбай Бақбергеновтың пікірінше, конституциялық реформа бойынша қабылданған шаралар мемлекеттік биліктің тарамдары арасындағы міндеттерді бөліп қарастыруға септігін тигізеді. Үкімет пен Парламент қабылданған шешімдер үшін жауапты болады. Саяси институттың дамуы арқылы саяси мәдениет те дамиды, ол өз алдына мәдениет саласының барлық бағыттарына оң ықпал етеді.
Еуразиялық дизайнерлер одағының төрағасы Ермек Асылханов: «Біз мәдениет саласының қызметкерлері, ең алдымен қоғамның рухани даму қажеттілігін өтеуде Қазақстан Республикасының Президенті - Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев енгізген жаңа қадамдарды қолдаймыз. Әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша шешім қабылдаудың Үкіметке жүктелуі Үкімет пен министрліктер қызметкерлерінің мемлекеттік бағдарламалар үшін жауапкершілігін арттыра түседі», - деп пікірін білдірді.
«Конституциялық реформалар бағдарламасы - биліктің барлық тарамдары арасында, соның ішінде саясат пен мәдениет арасында тұрақты байланыс жасайтын дұрыс қабылданған демократиялық шешім. Біз азаматтық көзқарасымызды нығайтып, мәдениет пен саясатты бөліп қарастыруға болмайтындығын әрдайым есте сақтауымыз керек», - деді ҚазҒЗМИ бас ғылыми қызметкері Галина Николаевна.
Дөңгелек үстел қатысушылары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жолдауы сарабдал шешім мен бәсекеге қабілетті ұлтты құру мен дамыту аясындағы мемлекеттік саясаттың логикалық жалғасы болып табылатындығын айта отырып, конституциялық реформаларға толықтай қолдау білдірді. Конституциялық реформаларды қабылдау негізделген, қажет шешім болып, өмірдің барлық салаларына оң әсерін тигізеді.
Қазақстан Республикасының Президенті - Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформаны жалпыхалықтық талқылауға шығару туралы өкімге қол қойғандығы баршамызға белгілі. Реформаның мәні: 40-қа жуық президенттік өкілеттік Үкімет пен Парламентке өтеді. Ол үшін сәйкес заңдар мен Конституцияға өзгерістер енгізілуі керек. Бұл өзгерістерді Үкімет Парламент қарауына ағымдағы сессияның соңына дейін ұсынады. Президент құзыретінде стратегиялық міндеттер, билік тарамдары арасындағы жоғарғы төрешілік рөл, сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік немесе елдің қорғаныс мәселелері қалады.