Ғалымның айтуынша, Президент: «Мысалы, біз шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз», - деп атап көрсетті. Мұның еліміздегі түрлі ғылыми-зерттеу институттарына, меншік түріне қарамастан, барлық жоғары оқу орындарына тікелей қатысы бар.
Осы орайда «Жаңа Қазақстан» идеясы аясында ұйымдастырылған «Қазақстанның ғылымы мен жоғары білімі: қайта құру нүктелері» атты тамыз конференциясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Универсиеттердегі ғылым мәселесіне келетін болсақ, қазіргі таңда жоғары оқу орындарының 70 пайызы ғылыммен айналыспайды. Олар – оқытушы университеттер. Біздің мақсатымыз – университеттерді зерттеу моделіне көшіру, - деп атап өтті.
Жалпы әлемдік тәжірибеде бакалавриат көлемі 55-60 пайыз, магистратура 35-40 пайыз, ал докторантура 2-3 пайызды құрайды. Біздің елде бакалавриат үлесі 93-97 пайызға жеткен. Сонымен бірге 2025 жылы ғылымды қаржыландыру көлемі елдегі жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін артады делінуде. Олай болса, университеттік ғылымды дамыту, инновациялық жобадан нақты өндіріске көшу басты міндеттердің біріне айналмақ, осы орайда көзбояушылыққа салынбай, саны көп, сапасы жоқ, басы бар, нәтижесі жоқ жобалардан арылуымыз керек. Жеке тұлғаның қамы емес, жаңа жұмыс орындарын, инновациялық кәсіпорындарды ашуға мүмкіндік беретін ғылыми жетістіктер қоғамның игілігіне айналуы тиіс.
Ғалымның пайымдауынша, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Басқа халықтан кем болмас үшін біз бай, күшті, білімді болуымыз керек. Бай болу үшін кәсіп керек, күшті болу үшін бірлік керек, білімді болу үшін оқу керек», – деп өскелең ұрпаққа өсиет еткен болатын. Уақыт өте «білім-кәсіп-еңбек және бірлік» қағидасы бүгінде өмірлік қажеттілікке айналды. Жоғары білім саласындағы реформалар болашақта да жалғаса бермек, бір қуантарлық жай – ҚР Білім және ғылым министрлігінің екіге бөлінуі ғылыми ортаға үлкен серпіліс әкелді.
Тамыз кеңесінің форсайт-сессиясында қаралған ұлттық құндылықтар негізінде білімді тұлғаны қалыптастыру, ғылыми әлеуетті дамыту және коммерцияландыру, білім сапасы, цифрлық технологияны жетілдіру мәселелері күн тәртібінен түспек емес. Форсайт – бұл бір сәтке күнделікті күйбің-тірлікті ұмытып, жоспарланған нақты істер бойынша ұжымдық талдау, болжау арқылы жаңа үлгідегі болашақты құру әдісі. Бір жылдығын ойлаған егін егеді, он жылдығын ойлаған ағаш өсіреді, ал 100 жылдығын ойлаған ұрпақ тәрбиелейді деген қанатты сөз тегін айтылмаса керек.
Басқосудағы ұсыныстар мен сараптама қорытындылары Ғылым және жоғары оқу министрлігінің өкілдеріне жолданды. Мұндай жаңа бастамалар қызмет барысында стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешімдерді қабылдауға, жұмыс өнімділігін арттыруға және уақытты тиімді пайдалануға зор мүмкіндік береді. Биылғы жылы гранттар саны өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға артты, яғни 88 мыңға теңесті, оның 60 пайызы техникалық мамандықтарға бағытталды, бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсуде. Әлемнің белді 3 жоғары оқу орнының филиалдары өңірлерде өз жұмыстарын бастады. Мектеп түлектерінің 64 пайызы отандық білім ордаларын таңдады, өткен жылдармен салыстырғанда, шет елдерден білім іздеген жастардың саны төмендеді. Жылма-жыл жас ғалымдарға алыс және жақын шет мемлекеттерде ғылыми тәжірибеден өтуге 500 грант бөлу ісі одан әрі жалғасын таба бермек.
Тамыз конференциясындағы тағы да бір ерекше жай, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ төрағасы Мэлс Семғалиев бірлескен меморандумға қол қойды. Құжаттың мақсаты – Президент Қ.К.Тоқаевтың мемлекеттік саясатын қолдай отырып, ғылым мен жоғары білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру, ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, жастарымызды әділеттілік пен адалдыққа тәрбиелеу.
-Президент Жолдауы «Жаңару» жалпыұлтық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы» РҚБ Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» аталымының иегері, академик Ақсерік Әйтімовтің Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті, халықаралық цифрлық технология, сәулет және құқық, республикалық жоғары техникалық колледждері студенттерімен кездесуінде жан-жақты талқыланды. Онда нақты ұсыныс-пікірлер айтылып, орынды пікірлер ортаға салынды. Айталық, «Ұлттық қор – балаларға» және басқа да қабылданған әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін бизнес мықты болуы шарт. Бос уәделер мен әдемі сөздерден ештеңе шықпайды, ең алдымен нақты жұмыстар мен нәтижелер, азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін құқықтық жүйе қажет. Осы орайда түрлі оқу орындары да өз қызметін жаңаша жүргізе білуі тиіс, - дейді ғалым.
«Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің оқытушы-профессор құрамы Жолдауды толығымен қолдайды әрі ғылым мен білім сапасын арттыруда өз үлестерін қосады деп сендіремін. Оған толық мүмкіндік бар, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша жас ғалымдар Айдана Қажимова, Ардақ Қазиева Мемлекет басшысының гранттарына ие болды. Бірнеше ғалым Рhd докторы атанды. Scopus және басқа да белді журналдарда жарық көрген мақалалар саны өсіп отыр. Білім ордасының материалдық-техникалық негізі жыл өткен сайын нығаюда, жастардың ғылыммен айналысуларына толық жағдай жасалған, заманауи зертханалар, жас ғалымдар кампусы іске қосылды. Академиялық әріптестік аясында отандық білім ордаларынан басқа, 100-ден астам шет мемлекеттердің, соның ішінде Мәскеу, Дубна, Саратов, Самара, Астрахан (Ресей), Минск (Беларусь), София (Болгария), Люблин, Краков (Польша) қалаларының белді жоғары және ғылыми-зерттеу институттарымен меморандум жасалып, бірлескен мамандар даярлау, ғылыми жобаларды жүзеге асыру бағытында тығыз байланыс орнатылды. Жолдау жаңа міндеттер жүктейді, шешімін таппаған мәселе көп. Сондықтан жаңашылдықпен жұмыс жасап, жаңа да әділетті Қазақстанды құруға адал еңбекпен үлес қосудың маңызы зор», деп түйіндеді ойын Әліби Баяхов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын жас кәсіпкердің кәсіп бастауға ниетті жастардың тың идеяларды жүзеге асыра алатыны туралы айтқанын жазған болатынбыз.