НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – UFC бұрынғы чемпионы Хабиб Нурмагомедов өзінің Eagle FC лигасы бойынша Қазақстанда үлкен турнир өткізу жөніндегі жоспарын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған турнирдегі басты жекпе-жек орта салмақтағы Eagle FC чемпионы, тәжікстандық файтер Фаридун Одилов (12-2) және қазақстандық Дәурен Ермековтің (14-5) арасында болмақ.
«Екеуі жекпе-жек өткізуге келісім берді. Жекпе-жек желтоқсан айында Қазақстанда ұйымдастырылады деген ойдамыз», - деді Хабиб Нурмагомедов.
Айта кетсек, Дәурен Ермеков Ақтау қаласында 17 шілдеде орта салмақтағы Eagle FC уақытша титулына ие болды. Ол жекпе-жек барысында ресейлік Гамзат Хирамагомедовті (9-2) екінші раунда нокаутқа түсірген болатын.
Еске салсақ, бұдан бұрын Ислам ынтымақтастығы ойындарында жеңіл атлет Михаил Ливтин алтын медаль алды.
Фото: sports.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.