Халық қаһарманы Кенжебай Мәденов туралы не білеміз

ОРАЛ. KAZINFORM — Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Кенжебай Мәденовке (19.02.1925 — 26.12.1974) Халық қаһарманы атағы берілді.

Фото: Толыбай Далабаев

Халық қаһарманына туыс болып келетін БҚО тұрғыны Толыбай Далабаевтың мәлім еткеніндей, Кенжебай Мәденов 1925 жылы 19 ақпанда Қаратөбе ауданы Ақтайсай ауылында дүниеге келген. 

1942-1943 жылдары Қаратөбе ауданында мал өнімдерін дайындау кеңсесінде есепші болып еңбек жолын бастаған. 1943 жылы Қызыл армия қатарына шақырылып, 1946 жылға дейін майдан даласында ерлікпен қызмет етті.

Фото: Толыбай Далабаев

Краснохолмск жаяу әскер училищесін тәмамдап, кіші лейтенант шенінде ІІІ Украина майданы құрамында шайқасты. Ол 170-атқыштар полкінде пулеметшілер взводының, кейін атқыштар бөлімінің командирі болды.

1945 жылы 29 сәуірде Берлин операциясы кезінде Кенжебай Мәденов бастаған взвод жаудың берік бекіністерін бұзып өтіп, Ратуша (мэрия) ғимаратына алғашқылардың бірі болып басып кірді. Батыр жауынгер ғимарат төбесіне Жеңіс туын қадап, тарихи ерлік жасады.

Оның бұл ерлігі туралы Кеңес Одағының Маршалы, атақты қолбасшы Георгий Жуковтың өз естеліктерінде атап өткені белгілі. Сондай-ақ бірқатар неміс жазушысы да оның батырлығын өз еңбектеріне арқау еткен.

Атап айтқанда, Г.Жуков «Естеліктер мен толғаныстар» мемуарының 3-томында: «29 апреля в центре города развернулись наиболее ожесточенные сражения. На ратушу наступали 1008-й стрелковый полк (командир полковник В. Н. Борисов) и 1010-й полк (командир полковник М. Ф. Загородский) 266-й стрелковой дивизии. Первым сюда ворвался взвод лейтенанта К.Маденова. Вместе с отважным лейтенантом смело действовали бойцы Н. П. Кондрашев, К. Е. Крютченко, И. Ф. Кашпуровский и другие. Они закидали вестибюль и коридоры ручными гранатами. Каждую комнату приходилось брать с бою…» деп жазды. Кенжебай Мәденов соғыстан кейін елге оралып, білім алып, С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген.

Тарих ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Аққали Ахметтің нақтылауынша, Кенжебай Мәденов 1943 жылдың қаңтарында 18 жасқа толмастан өз еркімен әскер қатарына алынған. Алдымен Украина жеріндегі кескілескен шайқастарға қатысқан.

Фото: Толыбай Далабаев

— Кіші командир К.Мәденов 5-ші екпінді армияның офицерлік жаяу әскер курсын тәмамдаған соң, кіші лейтенант офицерлік шенін алды. 1944 жылдың қараша айынан бастап І Беларусь майданы 5-екпінді армиясының 266-атқыштар дивизиясы Суворов орденді 1008-атқыштар полкі, 2-батальон ротасының 5-атқыштар взводына командир болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың ең сұрапыл шайқастары саналатын Днепрден өту, Яссы-Кишинев, Варшаваны азат ету, Висла-Одер операциясына, Берлинді алу шабуылына қатынасты, — дейді тарихшы.

Берлин қаласының әр үйін берік бекініске айналдырып алған фашистер шабуылшыларға қарға адым жылжуға мұрша бермей арпалысты, қырғын ұрыстан адам қаны суша ақты. Сұрапыл шайқас үстінде К.Мәденов батальон командирі И.Бобылевтан шақырту алады. Командир жоғарғы командованиенің бұйрығы бойынша «Империя кеңсесі» Ратушаға жеңіс туын тігу оның взводына тапсырылғанын жеткізеді. 

Тапсырманың қалай орындалғаны туралы соғыстан кейінгі бейбіт заманда гвардия капитаны К.Мәденов былайша еске алған: «Бұйрықты алғаннан кейін взводыма келіп, жауынгерлерге алдағы міндетті түсіндірдім, тапсырманы қалай орындаудың жайын, шабуыл жасаудың жобасын айттым. Бізге бір бөлімше көмекке келеді. Ратуша — көпқабатты қара қоңыр зәулім үй. Ратушаның қақпасына дейін бар болғаны 40-50 метрдей-ақ жер. Оқ нөсерінің күштілігі сондай — ол асфальтты тесіп өте алмай, жоғары шоршып, бұршақ жауғандай сатырлап жатыр. Бірнеше снаряд Ратушаның ауыр қақпаларын бұзып, қабырғаларын опырып жіберді. Осы кезде «Алға! Алға!» деп есіктен ытқи жөнелдім. Менің ізімше взводтағы жауынгерлер де бір-бірден лап берді. Ұрыстың жойқыны Ратушаның ішінде болды.… Ақырында «Империя кеңсесі» жаудан түгел тазартылды да, Ратушаның төбесіне біз тіккен Қызыл ту желбіреп тұрды» («Қазақстан коммунисі» журналы, 6 маусым, 1970 жыл).

Ратушаны қорғап тұрғандар атышулы фашистік СС-тің таңдаулы бөлімдері болатын. Сондықтан ғимараттың әр қабатын қолма-қол ұрыстармен алуға тура келді. Ратушаның төбесіндегі тұғырға жойқын ұрыстардан соң, взвод командирі К.Мәденов пен комсорг К.Громов жеңіс туын қадады. 

Фото: Ақорда

Осылайша, соғыстың соңғы күндерінде бар болғаны 20 жастағы лейтенант Кенжебай Мәденов фашизм ордасында жеңіс туын тігіп, ұлт рухын асқақтатқан қас батыр болды.

— Кенжебай Мәденов соғыстан оралған соң, шаңырақ көтеріп, үйлі-баранды болды. Қазиза Уәлиқызымен отасып, дүниеге төрт ұл, үш қыз әкелді. Рауза, Сәуле атты егіз қыздары, Махамбет, Исатай, Серік, Тарас (өкінішке қарай, 2003 жылы дүниеден озды) және Майра есімді перзенттері өсіп жетілді. Бүгінгі таңда батырдан тараған ұрпақтар Атырау, Орал, Астрахан қалаларында бейбіт ғұмыр кешіп жатыр, — деді А.Ахмет.

Кенжебай Мәденов 1950-1974 жылдар аралығында Батыс Қазақстан және Гурьев облыстарындағы ҚазКСР МҚК органдарында қызмет атқарған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері 1974 жылы 26 желтоқсанда өмірден өтті.

Батырдың ұлы Махамбет Кенжебайұлы 1981 жылы Қызыл тулы Қиыр Шығыс әскери округіне қарасты Еврей автономиялық облысы Бабстово селосында орналасқан әскери бөлімде сержант атағымен радиопеленгаторлық қызметтің бастығы ретінде борышын өтеп жүрген кезінде қызық жағдайға тап болған. Сөйтсе, көрші жаяу әскер бөлімінің плакатында көрсетілген Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы картасы әкесі жүріп өткен жорық жолдарымен сәйкес келеді екен. Кейін сол бөлімге барып, тарихымен танысқанда, сол 1008-атқыштар полкі болып шығады. Сонда әскери бөлімнің штаб бастығы, подполковник Малыхқа полк құрамында әкесі, қос «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі Отан соғысы ордендерінің иегері Кенжебай Мәденовтың болғанын айтады. Штабта әкесі туралы құжаттарды көрсетіп, соғысқа қайдан шақырылғаны, қай ротада қызмет еткені, ұрыста қандай ерліктер көрсеткені, қандай наградалар алғаны туралы мағлұмат береді. Подполковник «Жауынгерлік даңқ» мұражайын ашуға дайындық жұмыстарының жүріп жатқанын айтып, сержантты командованиемен сөйлесіп, өз бөліміне алдыртуға жұмыстанатынын жеткізеді. Міне, бұл ұрпақтар сабақтастығының бір көрінісі еді.

Фото: Ақорда

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Халық қаһарманы Кенжебай Мәденовтің ұлына Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені табысталғанын жазған едік.