- Абайды аударуыңызға не түрткі болды?
- Бұл 3 жыл бұрын болған оқиға. Ұлттық бюро аудармасы Абайдың 175 жылдығына орай жазушылар мен аудармашыларды шақырып, кездесті. Оның ішінде өзім де болдым. Менен жеке «Жарты жылдың ішінде Абайдың қандай туындыларын орыс тіліне аудара аласың?» деп сұрады. «Уақыт тығыз болғандықтан өлеңді аудара алмаймын, ал қара сөздерді тәржімелеп көрейін. Бір талабым – қаламақым баспадан шығатын қағаз бағасынан төмен болмауы керек» дедім. Алайда олар бұған келіспеді. Содан кейін өз жұмысымды істеп, шығармашылығыммен айналысып жүре бердім.
Бірде ғаламторда Абайдың қара сөздерінің үзіндісі көзіме ілінді. Орысшасы мен қазақшасы қатар берілген екен. Оқып көріп едім, аудармасы көңілімнен мүлде шықпады. Сол кезде деректі фильм түсіріп жатқанбыз, қасымда отырған оператор жігітке «Мына жерін осылай аудару керек еді» деп әр тұсын талдай бастадым. Хакімнің басқа аудармаларын да арнайылап қарап көрдім. Біреудің қатесін екіншісі қайталаған. Бұл деген ұят емес пе?! Қазақтың ұлы ақыны осылай аударылса басқадан не сұраймыз? Сөйтіп, Абайдың көлемі қысқа бірінші сөзін аштым да жарты сағатта өзімше аударып көрдім. Тәуір шыққан секілді. Шабыт алып, кірісіп кетіп екі аптаның ішінде 24 сөзін аудардым. Бірақ кенет жұмыстар шығып, іс-сапарға кетіп аудармам тоқтап қалды.
Арада біраз уақыт өткенде Қазақстан ПЕН-клубының президенті, белгілі публицист Бигелді Ғабдуллин хабарласты. Қара сөздердің аудармасын Facebook желісіндегі парақшама жариялаған болатынмын. Соны оқыпты. Өзіне ерекше ұнағанын айтып, ағылшын тіліне аудару құқығын сатып алғысы келетінін жеткізді. Келісімімді беріп, біршама қаражат түскен соң басқа жұмыстарды доғара тұрып, қара сөздерді ары қарай аударуға ден қойдым. Шамамен 4 айда аяқтадым. Соңғы бір ай өте ауыр болды. Себебі күні-түні бас көтермей еңбектендім. Содан соң қара сөздердің аудармасын жеке кітап ретінде шығаруды ұйғардым. Әйтеуір, кітап қысқа уақытта түгел сатылып, халықтың оң бағасын алды. Қазір екінші тиражбен шығаруға дайындалып жатырмын.
- Біздің оқырманға түсінікті болсын, қара сөздердің аудармасында жіберілген қателерден бірнеше мысал келтіріп өтсеңіз.
- Абайдың қара сөздерінің орыс тіліне аударылған 4 нұсқасын қарап шықтым. Хакімнің екінші сөзінде «кең қолтық сарт» дегенді олар түгелдей «широкополый» деп аударыпты. Ал «кең қолтық» деп қазақ тілінде аңқау, тез алданатын адамды айтады. Орысша «простофиля» немесе «безхитростный» десе әлдеқайда орынды болар еді. Басқа бір сөзіндегі «Ақыл табу» дегенді «Слова не достигнут твоего разума» деп беріпті. Ал Абай ол жерде жол табуды меңзеп тұр, орысшалағанда «найти выход» болады. Бірінші сөзіндегі «ел бағу» деген екі сөзді соңғы аударған аудармашы «посвятить себя высокой цели спасения народа» деп жазған. Қалай осылай аударуға болады? Бұдан Абай мүлде басқа адамға айналып тұр. Неге ұлы ақынның өзі жазған екі сөзді «править народом» деп екі сөзбен мағынасын өзгертпей аудармасқа?! Өзі қазақша мүлде білмейтін бір аудармашы бірінші қара сөзге інжіл кітабынан үзінді қосып қойған. Осы секілді қателер өте көп. Менің де, халықтың та аудармашының қиялын емес, нағыз Абайды оқығысы келеді.
- Сізге жауап қатқан немесе үн қосқан абайтанушылар болды ма?
- Шынын айтқанда, бұл абайтанушылардың атқарар тікелей міндеті, көтерер жүгі ғой. Оларға қойғым келетін сұрағым көп. Абайды орыс тіліне қате аударсақ, басқа тілдерге де қате жетеді. Себебі қазақшадан тікелей ағылшыншаға немесе французшаға аударатын ешкім жоқ. Бәрі орысшадан тәржімелейді. Қара сөздерді аударғаным былтыр ағылшын тілінде Лондонда кітап болып жарық көрді. Енді басқа тілдерге аудару жағын да қарастырамыз.
Таяуда ғана мені хакімнің туған өлкесі Абай облысына шақырды. Сонда Семейдегі Шәкәрім және Әлихан Бөкейхан атындағы университеттерге барып, кездесу өткіздім. Студенттер, магистранттар мен абайтанушылар да болды. Олар маған қолдау танытып, жылы лебіздерін білдірді.
- Қай қара сөзді аудару ерекше қиынға соқты?
- 38-ші сөз. Бұл ең ұзын сөз. Оның үстіне дін туралы болғандықтан мәтінде араб, парсы сөздері жиі кездеседі. Негізінен қара сөздердің әрқайсысы оңай болған жоқ. Бірінші сөз ғана жеңіл тиген шығар. Аударма жасау деген маған бір қызық ойын, шешуі күрделі квест секілді. Қиын болған сайын қызыға түсемін.
- Аударма барысында сөздіктерді қолдандыңыз ба?
- Әлбетте. Жұмыс үстелім түрлі сөздікке толып кетті. Оның ішінде қазақ-орыс, қазақ тілінің түсіндірме сөздігін, араб, парсы, татар, қырғыз сөздіктерін де қолдандым.
- Абайдың қара сөздеріндегі қай ойы бүгінгі күні өте өзекті деп ойлайсыз?
- Бұл сұраққа толыққанды жауап беру үшін талай уақыт кетеді. Өйткені, келтірер мысал өте көп. Өзім екі рет Оңтүстік Кореяға кинофестивальге барған едім. Кәріс халқының бір-біріне деген сыйластығы, кішіпейілдігі мен мейірімділігі таңқалдырды. Дүкендегі сатушы бір тиын ақшаны қайтарғанда екі қолына ұстап, басын иіп тұрып береді екен. Қазақстанға келіп көлік тізгініне отырғанымда жолдағы жүргізушілердің өздерін қалай ұстайтынынан-ақ көңілге қаяу түсті. Адам жолда өзін қалай ұстаса, көшеде де, үйде де солай жүреді ғой. Бізге бір-бірімізге деген жанашырлық, мейірбандық жетіспейді. Абай да сол үшін қазақты сөккен. Өз-өзімізді сынамасақ өспейміз. Хакімнің сөздерін сол үшін оқуымыз керек. Одан сабақ алып, нәтиже шығаруымыз қажет.
- Әңгімеңізге көп рахмет!