ХАЛЫҚ ТАРИХ ТОЛҚЫНЫНДА: Ғалымдарға ешкім де идеологиялық шектеулер қойып отырған жоқ - Бүркітбай Аяған

АСТАНА. 31 шілде. ҚазАқпарат - Заманауи қоғамда ең өзекті мәселе - Қазақстан тарихы ғылымын реформалауға байланысты бастамалар. Атап айтқанда, соңғы кезде осы салаға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуде.

Осы орайда елордадағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында бірқатар маңызды мақсат-міндеттер жүктелген болатын.

«Бұл салада өзгерістер жүргізудің бірнеше қажеттіліктері бар. Біріншіден, отандық тарихты зерттеу кешегі заманнан қалған ғылыми тұжырымдамалардан әлі де арыла алмауда. Екіншіден, ақпараттық технологияның дамыған ғасырында қалыптасқан Қазақстанның мемлекет ретінде тарихи дүниетанымының мүлдем жаңа үлгілерін жобалау», - деді бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған.

Оның пайымынша, ең бастысы, басқа кезеңдермен салыстырғанда, ғалымдарға мемлекеттік қолдау көрсетіліп отыр. Ендігі жерде, менің әріптестеріме, ғалымдарға ешкім де идеологиялық шектеулер қоймай, керісінше, оларға түбегейлі де, толық зерттеулер жүргізу шаралары жасалуда.

«Сонымен, тұтастай жауапкершілік ғалым-тарихшылардың мойнына жүктеліп отыр. Былайша айтқанда, ғалымдар үшін кәсіби шынығу мен сын сағаты қатар келіп тұр. Ендеше Отандық тарихшылардың іс-қимылдарын жаппай жұмылдыру, қолымыздағы барлық ғылыми және интеллектуалдық әлеует мүмкіншіліктерін тиімді пайдалану қажет», - дейді ғалым.

Ведомоствоаралық кеңейтілген кеңестің өткеніне 56 күн толып отыр. Атқарылған көлемді жұмыстарды Қазақстан Республикасының ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі Ведомоствоаралық жұмыс тобы үйлестіріп отырғанын айта кету керек. Осы кезең аралығында жұмыс тобының ғылым саласындағы реформаны одан әрі жүргізу мәселелерін жан-жақты талқылаған екі отырысы өткізілген көрінеді. Бұл тұрғыдағы жұмыстың атқарылуы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өтуде.

Белгілі болғандай, қазіргі таңда еліміздің 59 жоғарғы оқу орындарында Қазақстан тарихы кафедрасы жұмыс жасауда, сонымен қатар жаңадан 4 мемлекеттік, 9 акционерлік және 9 жеке жоғарғы оқу орындарында Қазақстан тарихы кафедрасы ашылды.

«ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес зерттеу методикасы мен методологиясын жаңғырту міндеттері жүктелген оқу-методикалық орталықтары ашылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде азиялық номадтық өркениетті зерттеу орталығы жұмысы ұйымдастырылды. Жалпы білім беретін мектептерге арналған типтік бағдарламалар мен оқулықтар сараптамадан өткізілді және жаңартылды. Байқасыңыздар, биылғы өткізілген Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде тарихқа деген өкпе-наз естілмеді», - деді Б. Аяған.

Тарихшының айтуынша, ғылыми-теориялық зерттеу саласында өлкенің біржарым мыңжылдық тарихын қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталды. Ғылыми зерттеулерді үзік-жарды жүргізуді тоқтату нәтижелерінде, біртұтас тарихи кезең көрінісін, Ұлы байтақ далада өмір сүрген қазақ халқы мен мемлекетінің қалыптасу этногенезінің шынайы да, нақты келбетін жасауға көмектесуде. Мысалы, Отандық археологтар Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам елді мекенінен және Шығыс Қазақстан облысындағы сақ кезеңі қорғандарынан құнды артефактілер тапты.

Айта кетейік, 29 шілде күні жас ғалымдардың зерттеу жұмыстарын үйлестіру міндеті қойылған «Республикалық жас тарихшылар қауымдастығы» заңнамалық тіркеуден өтті. «Жас тарихшылар қауымдастығы өте қажет деп ойлаймын. Біз үшін өте маңызды. Тарихта ғана емес, сонымен қатар басқа ғылымда да соңғы кезде жастар азайып кетті, яғни олар бизнеске, мұнай саласына, заңгерлікке бетбұрыс жасады. Осы орайда бұл қауымдастықтың негізгі міндеті - ол жас ғалымдарға жол беру, оларға көмектесіп, қолдау жасау, жас ғалымдардың мұң-мұқтажын мемлекет алдында айтып отыру. Бұл тұрғыда материалдық мұқтаждық бар», - деді ол. Осы орайда айтарымыз, жас тарихшылардың күш-қуатын пайдаланып, елімізде тарихшылардың жаңа буынын тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінбек. Жастарға көп үміт артылуда және бағымызға қарай, бізде жақсы ғалымдар бар.

Қазақстан тарихына байланысты тұрақты жұмыс істейтін мәліметтер базасы құрылып, оның қоры шетелдік орталықтардың мәліметтері және ғалымдардың тізімдемелерімен үнемі толықтырылып отырады. Мемлекет тарихы институтының мәліметіне қарағанда, осы жылдың маусым айында 23 жетекші ғалым Иран, Түркия және Ұлыбританияның мұрағат қорларына жолдама алды. Ал, бүгінгі күні 9 ғалым шетелден оралып, басқа топтағы ғалымдар дайындалу үстінде. Мәдениет және ақпарат министрлігінен алынып, жинақталған материалдар сұрыпталуда.

«Зерттеуші ғалымдардың шетелден әкелген дерек қорларын болашақта ел игілігіне жарату көзделінуде. Шетелдік ғылыми орталықтар мен ғалымдардың өзара пікір алмасуы мақсатында «Болашақ» Мемлекеттік бағдарламасы және жоғарғы оқу орындарының ғылыми әлеуеттері тиімді пайдалануда. Ұлттың өсіп-өрбуі генетикалық зертханасын құру мақсатында жас ғалымдардың құрамы топтастырылды. Сондай-ақ Қазақстан тарихының көне заманнан тәуелсіздікке дейінгі кезеңіне байланысты базалық оқулықтар мен хрестоматиялар дайындау аясында тарихшы-ғалымдардың екі тобы жұмыс жасауда», - деп нақтылады Б. Аяған.

Бұдан бөлек, мұрағат құжаттарында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шетелдік мұрағаттар мен кітапханалардан әкелінген құжаттар қорын орталықтандыру мақсатында сұрыптау жұмыстары жүргізілуде. Ол деректер автоматтандырылған ақпараттық «Электрондық каталогқа» орналастырылды.

Археологиялық және деректану ұлттық орталығы «Қазақстан тарихы шетелдік мұрағаттарда» (XYIII ғасыр-XIX ғасырдың бірінші ширегі) басылымын дайындауға кірісті. 2013 жылы оның 7-ші томы мен қорытынды анықтамалық 8-ші томы басылымнан шықпақ.

«Бүгінде «Қазақстан тарихы» немесе «Қазақ тарихы» деп атаған дұрыс па? деген сұрақ қайта-қайта қойылып келеді. Мәселен, әріптестерім «Қазақ тарихы» деп атайық деген ұсыныстар айтуда. Ғалым, автор ретінде менің пайымдауымша, «Қазақстан тарихы» атауы дұрыс болады. Кейбірі «Отан тарихы» атауын ұсынуда. Егер де «Отан тарихы» деп атайтын болсақ, онда «қазақ» сөзі түсіп қалады. Әлемдік каталогтарға Қазақстан Республикасы деген заңды түрде кірген атау. Сондықтан «Қазақстан тарихы» дегенді дұрыс санаймын», - дейді тарихшы. Сонымен қатар Б. Аяған мырза Тәуелсіздік жылдарындағы тарихымызды терең зерттеу қажет екенін баса айтты. «Кейбір тілшілер Тәуелсіздік жылдардағы тарихты соншалықты зерттеу қажет пе? - деген сауалдар қойып жатады. Мемлекет үшін 22 жыл, әсіресе, қазіргі заманда аз кезең емес. Атап айтқанда, дәл осы жылдары Қазақстанда керемет әрі үлкен өзгерістер болды», - деді ғалым. Тәуелсіздік жылдары елімізде терең реформалар жүргізілгеніне тоқталған Б. Аяған, «Астанамыз ауысты және басқа елеулі оқиғалар болды. Яғни, осындай керемет үлкен жаңалықтарды неге көрсетпеске, неге зерттемеске? Бірақ, Тәуелсіздік жылдарын зерттеген кезде біз тек жақсы жағын ғана емес, сонымен қатар экономикалық реформа кезіндегі, әсіресе, 90-шы жылдардағы елдің қиналғаны туралы, басқа де елімізде болған жатқан кемшіліктер жайында ашық айтуға тырысамыз. Және ол біздің жазған кітаптарымызда бар», - деді институт директоры.