- Балтабай Әбдіғазиұлы, Сіздердің академияларыңызға үлкен міндеттер жүктелген. Түркі әлемін зерттеуде нендей жобалар жасалды? Болашақта қандай ғылыми жоспарлар бар?
- Біздің Түркі академиясының негізгі бағыты - түркі халықтарының арасындағы тіл, мәдениет, өнер салаларын, елдердің тарихын, бүгінгі жағдайын зерттеу. Сол бойынша бірқатар жобалар жасалып жатыр. Ашылғалы бері 3 жылдың ішінде 40-тан астам кітап шықты. Жыл сайын антология, альманах шығып тұрады. Мысалы түрік, өзбек, әзербайжан, қырғыз, татар, башқұрт сынды барлық түркі халықтарын қамтуға қадам жасаудамыз. Сонымен қатар бұл халықтар арасындағы байланыстар, жалпы түркі тілдеріне қатысты ортақ дүние не деген тақырыптарды қарастырамыз. Оның ішінде түркі және славян тілдерінің жалпы байланысы жайында түркіславика деген кітап шықты. Ауызекі айтқан кезде өзге тілдердегі түркизмдер зерделенген. Алғашқы кезеңдерде біз орыс тіліндегі түркі сөздері мен түркизмдерді зерттесек, одан ары қарай ағылшын, неміс тілдеріндегі оның көрініс табуын жоба ретінде алдағы жылдан бастап қолға аламыз. Қазір зерттеушілердің қатары жинақталып жатыр. Негізінен Қазақстанның ғалымдары ғана емес, жаңа аталған республикалардың ғалымдарының барлығы қатысады. Сондықтан бұл жобаларға Ресейдің көрнекті түркологтары мен лингвисттары, Германиядан, АҚШ-тан, Англиядан, Жапониядан ғалымдар тартылуда. Міне, осы ғалымдардың күшімен біз жаңағыдай жобаны жүзеге асыратын шығармыз деп ойлаудамыз. Осындай жобалар өте көп, әсіресе тарихқа қатысты бастамалар мен зерттеулер ұшан-теңіз. Оның негізгі бағыты түркі тарихының негізгі-негізгі ортақ дәуірлерін анықтау. Мысалы, биыл біз жалпы түркілік әдебиеттің дәуірлік дамуын жасадық. Соған байланысты әдебиет дамуының белгілі бір дәуірлері ғылыми көпшілікке ұсынылады биыл. Енді біз тарих дәуірлерін зерттеудеміз. Содан кейін екі жыл болды, жалпы түркі өнерінің, оның ішінде сәулет өнері бар, музыка өнері бар, бейнелеу өнері бар, осылардың тарихи дәуірлеу мәселелерін қарастырып жатырмыз. Осы сияқты қадау-қадау мәселелер бар.
- Жақында Қытай, Ресей мұрағаттарынан Түркілер, Шыңғысхан мен Абылайхан заманына тиесілі құнды дүниелердің көшірмелері әкелінді. Ол дүниелерді зерттеу, зерделеу барысы қалай жүріп жатыр? Онда тарихымыздың біз білмейтін тұстары, ақтаңдақтары бар ма?
- Халық тарих толқынында мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің Тарих және этнология институты, Мемлекеттілік тарихы институты, Шығыстану институты басқа да университеттер тарапынан ғалымдар тартылып, ғылыми экспедициялар мен іс-сапарлар нәтижесінде Қытайдан, Ресейден табылып жатқан дүниелер ғой. Оның барлығы қазір ғылыми айналымға еніп жатыр. Біз бұған дейін де осындай көне мұрағаттардың материалдарын жинақтаумен айналысып келеміз. Сонау тастағы Сына, Руна жазуларын зерттеудеміз. Қазір біз жалпы түркі тілінің руналогиялық ескерткіштерінің корпусын жасап жатырмыз. Сібірдегі, Моңғолиядағы және тағы басқа сонау Күлтегіннен бастап, көне түркілердің мекендеген жерлерінен табылған тастардағы жазуларды анықтау жұмыстарын атқарып келеміз. Түркілерден бұрын Ғұн, Сақ дауірлеріндегі ескерткіштерді жинақтап, дүниежүзінің негізгі ғалымдарының еңбектері нәтижесінде соларды кітап ретінде басып шығармақ ниеттеміз. Мысалы, белгілі мәскеулік түрколог Васильевтің еңбегі, Қырғызстаннан Қоңқабаев деген ғалымның еңбегі негізінде көне тарихты зерттелуде. Енді осы көне тарихтың өзінде түркілік қандай сипаттар бар?! Осыларға көп бет бұрып отырмыз. Алдағы уақытта да, Өзіңіз айтқан бағанағы, біздің қолымызға түсіп жатқан өзге елдердің көне мұрағаттық құжаттардың мән-мағынасына қатысты жаңа жобалар қолға алынуы мүмкін. Ол жоспарымыз да бар. Кейінірек басталған істің бір нәтижесі шығып жатса, жариялайтын боламыз.
- Академияның зерттеулері барысында ашылған қандай жаңалықтар бар?
- Біздің қазіргі уақытта ашып жатқан дүниелеріміз өте көп. Бір ғана нәрсесін айтайын, алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша, биыл «Түркілік тәрбие» деген үлкен еңбек жарық көрді. Бұның негізгі жаңалық дейтінім - түркілік тәрбие деген, мысалы қазақтың, түріктердің, өзбектердің, татарлардың, хакастардың өзінің ата-бабаларынан келе жатқан тәрбиелік ұстанымдары, әр халықтың өзіне тән тәрбиелік нормалары бар. Міне, осының барлығын біз белгілі бір жүйеге түсіріп, нақты сол үлкен құбылыстық дәрежеде жүйелі түрде зерттеп, үлкен кітап етіп шығардық. Бұл жерде барлық түркі халықтарының ортақ дүниелері де анықталды. Мысалы, үлкенді сыйлау, алдынан кесе-көлденең өтпеу, қонақжайлық, ұстамдылық деген сияқты категориялар бойынша зерттелді.Мәселен, ұстамдылыққа қатысты қай халықта қандай ғибратты сөздер мен түсініктер бар. Олардың ежелгі жазба мұраларынан, кейінгі фольклорлық мұраларынан, одан кейінгі әдебиетте осыған байланысты не айтылған. Қандай қағидаттар сақталған. Осы санатқа жататын ен бар, соның барлығының басын жинақтап қостық. Үлкен мың беттік кітап болып шықты. Осының ішінде, былай қарап отырсаң, қонақжайлық тек қана қазақта емес, түркі халықтарының көпшілігінде бар. Басқа халықтарға ұқсамайтын тұстары бар. Біздің кейінгі жылдары жаңалық ретінде ұсынылатын еңбегіміз «Түркілік тәрбие». Бұдан бөлек көптеген жаңалықтар жетерлік, дегенмен, мың беттік кітап болып шыққаны осы еңбек. Бұл кітап 2013 жылы Әзірбайжанның Габала қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің ІІІ саммитінде, оған мүше 4 мемлекеттің Президенттеріне ұсынылды. Біздің Елбасымызға таныстырылды. Ол жақсы бағаға ие болды.
Тәрбие деген - болашаққа апаратын жол. Біздің ұрпақтарымыздың ертең жақсы болуы, болашағымыздың жарқын болуы - осы тәрбиеге байланысты. Біз көп нәрсесін жоғалтып жатырмыз, көптеген дүниелерімізді бағалай алмай, менсінбей кеттік. Егер ол қажетсіз болса, өзінің белгілі бір белестерінен қалып қояр еді ғой, бүгінге дейін жеткен, сондықтан оның қажеттілігі бар. Осының қадір-қасиетін біліп, ертеңгі ұрпаққа ұсына отырып, жалпы түркілік тәрбиенің санаттарын жинақтап, еңбек етіп шығардық.
- Қазіргі уақытта тарихшылар алдында қандай мәселелер немесе кедергілер бар?
- Қазір мүмкіндік көп. Мысалы дүние жүзінің 40-қа жуық үлкен-үлкен түркология орталықтарымен байланыс жасап отырмыз. Ғылыми жобаларға ғалымдарды тартудың өзі әжептәуір мәселе ғой, белгілі бір тақырыпта айналысатын Түркияда, Әзірбайжанда, Түркіменстанда қандай ғалымдар барын біз тек осындай байланыстардың арқасында біліп отырамыз.
- Әңгімеңізге рахмет!