Құжатта қарастырылған қағидаттарды ары қарай жүзеге асыру жолдарын әрбір министрлік өздері жоспарлап, белгілейді. Қажет болатын болса заңнамалық деңгейде де қамту жүргізіледі. Ең бастысы келешек елдік дамудың басты жолы айқындалды. Ендеше, азаматтық қоғам мен билік органдары бірлесе, келісіп-піше жасаған бұндай құжаттың ел бірлігін арттырудағы салмағы да зор болатыны сөзсіз.
Саяси түсіндірме құралына жүгінетін болсақ, «доктрина» - латынның ілім, ғылым деген мағынасын білдіреді. Доктрина - іс әрекет жасауға бағыт беретін нақтылы нұсқаулар принцптерінің жиынтығы. Саяси доктрина саяси іс-әрекеттерді ұйымдастыруға және саяси құбылыстарды қарастыруға арналған өзара келісілген қағидаттар жиынтығы, бірізділікпен құрылған тұжырымдама болып табылады. Ал әлемдегі тәжірибеде доктриналар көбінесе билік үшін күрестің саяси қозғалыс мүшелерін ықпалдастыру құралына да айналады. Мәселен, доктриналық сипатта кезінде фашистік құжаттар да жазылған. Ал АҚШ-тың өзінде күні бүгінге дейін түрлі бағыттардағы 40-тан астам доктринаны дүниеге келтірген екен. Бұдан бөлек, әлемде белгілі орыс доктринасы, панисламизм, пантүркизм секілді доктриналар да қабылданған.
Ал бүгінгі күні Үкімет мақұлдаған Қазақстанның Ел бірлігі доктринасын билік пен қоғам арасындағы сындарлы келісім негізінде дүниеге келген құжат деп те атауға болады. Өйткені, құжатты әзірлеуге қоғам мен азаматтық институттар толықтай атсалысты, ҚР Президенті Әкімшілігінің мақұлдауынан өтті. Есте болса, доктрина жобасын 2009 жылғы қазанның 26-сында Қазақстан халқы Ассамблеясының 15-ші сессиясында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев жалпыхалықтық талқылауға ұсынған болатын. Ал ондай жалпыхалықтық талқылаулар барысында саяси ұйымдар өздерінің балама жобалар да жариялады. Кейіннен қоғам тарапынан қойылған талаптардан кейін Ел бірлігі доктринасының жаңа мәтінін жазу жөнінде арнайы жұмыс тобы құрылды. Арнайы жұмыс тобына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, қоғам қайраткері Дос Нұр-Ахмет, Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайым, профессор Владимир Коченов пен заңгер Еңлік Нұрғалиева, тарихшы Георгий Кан, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім, А. Сәрсенбаев атындағы қоғамдық қордың басшысы Айдос Сарымдар қатысып, төрт айдан астам еңбек етті. Жұмыс барысында қоғамдық, саяси, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтар тарапынан 500-ден астам ұсыныстар, сондай-ақ жеке жобалар келіп түскен. Солардың барлығы саралаудан өткеннен кейін жасалып шыққан жаңа доктрина мәтінін М. Шаханов, А. Әшімов, Д. Исабеков, Қ. Сұлтанов секілді 12 мүшеден, елге белгілі қайраткерлерден тұратын қоғамдық комиссия бірауыздан мақұлдады. Сондықтан да, бұл доктринаны осындай деңгейдегі кез-келген құжаттардан талап етілетін барлық стандарттарға толық сәйкес келеді деп айтуға толық негіз бар.
Доктрина негізінде Елбасы Жолдауында жарияланған халықтың ең басты құндылығы ретінде Тәуелсіздік идеясы қаланған. Бұл ретте құжатта «...ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген Ұлт Бірлігіне жету болып табылады», деп нақты көрсетілген. Бұдан әрі «Доктринаның қажеттілігі өмірдің өзінен, біздің жалпы тағдырымыздан, тарих логикасынан туындап отыр. Өйткені бірліксіз - Ұлт жоқ. Ұлтсыз - мемлекет жоқ. Ал, мемлекетсіз - болашақ жоқ», делінеді. Құжат жалпы ережелер мен үш бөлімнен және қорытындыдан тұрады.
Енді, доктринада қамтылған мәселелердің қалай орындалатынына келетін болсақ, бұл жөнінде Үкіметтің отырысында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед шет жағасын да жеткізген болатын. Мәселен, оның айтуынша, доктринаның «Бір ел - бір тағдыр», деп аталатын бірінші тарауының іс-шаралары ел бірлігін және қазақстандық патриотизмді нығайтуға бағытталады. Бұл ретте бірқатар институционалдық шаралар қабылданып, Ақсақалдар кеңесі, діни тақырыптарды жариялауға арналған әдістемелік кеңес құрылатын болады, этносаралық қатынастар мәселелері бойынша үздік сарапшы журналистер клубының қызметі қамтамасыз етіледі. Бұнымен қоса, халық бірлігіне қауіп төндіретін кез келген әрекетті анықтау және алдын алу жөніндегі сауықтыру жұмыстары күшейтілетін болады. Сондай-ақ, осы тарау аясында дінаралық, этникааралық және мәдениетаралық диалогты дамыту жөніндегі бастамаларды көтеретін және іске асыратын ЮНЕСКО, Өркениеттер альянсы, Еуропа кеңесі, Ислам конференциясы ұйымы, Араб мемлекеттерінің лигасы сияқты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейту жоспарланып отыр.
Ал «Тегі басқа - теңдігі бір», деп аталатын екінші тараудың аясында атқарылатын іс-шаралар ең алдымен өмірдің барлық салаларында әрбір қазақстандықтың өзін-өзі тануы үшін теңдей мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін әлеуметтік маңызы зор бағдарламалық құжаттар кешенін қабылдауды және оны әрі қарай жүзеге асыруды қарастырады.
«Ұлт рухының дамуы», деп аталатын үшінші тарауда рухани және ұлттық бірліктің басты факторларының бірі - мәдениет, тіл, дәстүр болып табылатыны ескерілген. Бұл бағыттағы жұмыстың маңызды бөлігін мемлекеттік тілді қолданудың аясын кеңейту, «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасын тиімді жүзеге асыру, дәстүрлі, моральдік және адамгершілік құндылықтарды насихаттайтын үкіметтік емес ұйымдар жобаларын ұтымды іске асыру, этно-мәдени бірлестіктердің, мемлекеттік және этнос тілдеріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін қолдау жөніндегі іс-шаралар құрайды. «Ағымдағы жылы Мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленетін болады. Қазақ тіліндегі телеарналар құрылады және қазақ тілді басылымдар мен Интернет-ресурстардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру жөніндегі шаралар қабылданатын болады», дейді министр.
Осы орайда М. Құл-Мұхаммед бірқатар ұсыныстар айтты. Оның пікірінше, елдің интеллектуалдық әлеуетін әрі қарай дамытудың маңыздылығын және қажеттілігін ескере отырып, үстіміздегі жылы мемлекеттік және салалық бағдарламалар, стратегиялық жоспарлар шеңберінде оны қалыптастыруға бағытталған шаралар кешенін қарастыру қажет. Сондай-ақ жоспарға сәйкес, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын Үкіметке енгізу ұсынылады, ресурстық орталықтар арқылы жастар мен жастар ұйымдарына арналған білімді ұлықтаудың кең қанат жаюына бағытталған жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қамтамасыз ету көзделеді. Үкімет мүшелері мақұлдағаннан кейін сөйлеген сөзінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов: «Қазақстанның ел бірлігі доктринасы өте маңызды құжат. Доктрина Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясына толық сәйкес келеді. Сондықтан әрбір министрлік, әрбір министр доктринада көрсетілген іс-шараларды орындауы керек. Елбасының тапсырмасы бойынша жасалған доктрина ел бірлігіне қызмет етуі тиіс», деп атап көрсетті. Премьер-Министр доктринадағы іс-шаралар жоспарының орындалуына қатысты министрлердің есеп беретінін, ондай жоспардың орындалуын тікелей өзі қадағалайтынын да атап өтті.
Сонымен қоғам арасында біршама әңгіме болған, кейіннен бүкіл қоғамның қолдауына ие болған, көпшілік көңілінен шығатын құжат атқарушы биліктің де мақұлдауынан шықты. Ендігі бетбұрыс оны сапалы жүзеге асыру. Доктринада қамтылғандай, қоғамның барлық азаматтары мойындаған Ұлт бірлігіне жету жолында атқарылатын шаралар, қағидаттар аз емес. Ендеше, халық та Ұлт бірлігі идеясының сапалы орындалғанын күтеді.