«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ 2009 жылы «Болашақ» стипендиясын алуға конкурсқа қатысу үшін құжаттар қабылдайды

АСТАНА. Маусымның 30-ы. ҚазАқпарат - 2009 жылғы маусымның 1-інен бастап «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ 2009 жылы Қазақсан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын алу үшін конкурсқа қатысуға қажетті құжаттарды қабылдауды жүзеге асырады.


Бүгінгі таңда 366 адам құжаттарын тапсырды. Оның ішінде 196 адам конкурстың жалпы негізінде, 35-і - квота бойынша және 135-і - дербес түсушілер. 168 үміткер - техникалық, 84-і - гуманитарлық мамандықтар бойынша білім алуға тілек білдірді. «Магистратура» бағдарламасы бойынша оқуға басымдық беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжаттар қабылдауды «Халықаралық бағдарламалар орталығы» 2009 жылғы маусымның 1-інен тамыздың 15-іне дейін жүргізеді.

«Болашақ» халықаралық стипендиясына конкурстық іріктеу Республика Үкіметінің 2008 жылғы маусымның 11-інде бекіткен қаулысы бойынша ҚР Президентінің «Болашақ»  халықаралық стипендиясын беру үшін үміткерлерді іріктеу ережелеріне сәйкес жүргізіледі.

 Үміткерлердің ауылдық жерлерде оқығандар, мемлекеттік қызметкерлер, ғылыми және педагогикалық қызметкерлер сияқты санаттарына квоталар бар. «Болашақ» халықаралық стипендиясы ауқымында ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарында немесе зертханаларында ғылыми тағлымдамадан өтуі көзделген.

Квоталарға үміткерлер үшін шетел тілін білудің ең төменгі деңгейі жалпы негізде конкурстарға қатысатын үмтікерлермен салыстырғанда төмен. Сондай-ақ олар үшін ұзақтығы 4 оқу семестріне дейінгі (2 жылға жуық) тілдік курстардан өту мүмкіндігі көзделген, ал ғылыми тағлымдамадан өтуде тілдік курстардың ұзақтығы 1 семестрге дейін (жарты жылға жуық).

Құжаттар мына мекен-жайда қабылданады: Астана қаласы, Тәуелсіздік, 29/1, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ. Құжаттарды қабылдау сенбі және жексенбіден басқа уақытта күн сайын 9.00-ден 17.00-ге дейін (үзіліс 13.00-тен 14.00 сағатқа дейін) қабылданады.