Халықаралық футбол қауымдастығы федерациясының Әлем кубогы Қазақстанға әкелінеді

АЛМАТЫ. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыға сәуірдің 16-18 күндері Халықаралық футбол федерациясы қауымдастығының Әлем кубогы әкелінеді.

Бұл бүгін Алматыда Қазақстан футбол федерациясының баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол 2-ші «Кока-Кола FIFA футболдан Әлем кубогы сапарымен бірге» шарасы аясында жүзеге асып отыр. Дүниежүзіндегі №1 спорт түрі саналатын футболдың Бас жүлдесімен жанкүйерлердің бұл кездесуі 2009 жылғы қыркүйектің 4-інде Халықаралық футбол қауымдастығы федерациясының (FIFA) штаб-пәтерінен басталған болатын. 225 күнге созылатын бұл сапар кезінде жер шарын 3 рет айналып шығатын ара қашықтықты (134 мың 17 шақырым) басып өтіп, 2010 жылы мамырдың 4-і күні Әлем чемпионаты өтетін Оңтүстік Африкаға жеткізіледі.

Биіктігі 36,8 сантиметр, салмағы 6,175 грамм болатын 18 карат таза алтыннан жасалған FIFA Кубогын Әлем чемпионатының жеңімпазы келесі жарысқа дейін өзінде сақтайды. Марапатқа оның түпнұсқасын емес, жұқа алтыннан жасалған көшірмесін алады. Тұғырына 2 қабат бағалы малахит салынған Кубоктың тастұғырына 1974 жылдан бергі жеңімпаз елдің аттары мен уақыты ойып жазылған.

«Әлем кубогы сапары алғаш рет 2006 жылы өткізілді. Онда 102 мың 570 шақырым жерді басып өткен бұл Кубокты жанкүйерлер 29 елдің 31 қаласында тамашалаған. Биыл оның сапарының қашықтығы ғана емес, оны өз көзімен көру бақытына ие болатын елдердің саны да айтарлықтай ұлғайып отыр. Бұл Қазақстанның футбол державасы ретінде анық және нық қадам жасауы. Біздің мақсат - Қазақстан Әлем чемпионы болмаса да оны осы шара арқылы Әлем кубогын алып келу арқылы футбол десе ішкен асын жерге қоятын ағайынның қызығушылығын одан сайын арттыру», дейді «Кока-Кола» компанияның Орталық Азия елдеріндегі үкіметпен және қоғамдық байланыстар жөніндегі менеджері Арыстанбек Нұрмаханов.