Халықаралық келісімдердегі мемлекеттік тілді менсінбеушілік Қазақстанның беделіне нұқсан келтіріп отыр

АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Соңғы уақытта Парламентте қаралатын заң жобаларының, соның ішінде халықаралық құжаттардың, конвенциялар, шарттар мен келісімдердің мемлекеттік тілдегі мәтініне байланысты дүркін-дүркін мәселе көтеріліп, қалаулылар тарапынан сынға ұшыраған құжаттың ары-бері жөңкитіні әдетке айналып барады.

Әрине, мемлекеттік тілдегі мәтінге қатысты бұндай сынның шын екендігі даусыз әрі сол сынның қайдан шығатыны да түсінікті. Өйткені заң жобаларын әзірлегенде, халықаралық келісімдерге қол қойылғанда сондай құжатты әзірлеушілер ең алдымен орыс тіліндегі нұсқаны ұсынады. Осылайша, мемлекеттік тіл әлі күнге ресми қолданыстағы орыс тілінің тасасында қалып келе жатыр. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғалы мемлекеттік тілдің көріп келе жатқаны осы. Бұны дәлелдеп жатудың қажеті де шамалы. Ақыр аяғы түпнұсқасы орыс тілінде даярланған жобалар аудармашылар арқылы сауатсыз түрінде Парламентке дейінгі барлық сатыларды ?сүрінбей өтіп?, заң шығарушы органның табалдырығынан аттағаннан бастап мың құбылып, бастан аяқ құлпырып шығады. Шалажансар күйінде орыс тілінің арқасына мінгескен мемлекеттік тілге Парламентте ғана жан біткендей болады. Онда да Парламенттің Мәжілісі ұлт тіліндегі жоба мәтініне 10 өзгеріс енгізсе, Сенат 11 өзгеріс енгізіп кері қайтарады. Мәселен, осы жақында ғана депутат Уәлихан Қалижан ?Үкімет заң жобаларының қазақ тіліндегі мәтінін даярлауда салғырттық танытып отыр?, деп мәселе көтерген еді. Оның айтуынша, Қазақстан мен АҚШ арасындағы ядролық қарудың таралуына жол бермеуге қатысты келісімге өзгеріс енгізу қажеттігі туындаған. Яғни, бұрын қол қойылып қойған келісімнің қазақ тіліндегі кемшіліктері анықталған. Осы заң жобасын талдау барысында қазақ тіліндегі мәтінге Мәжілістің редакциялық бөлімі 34 түзету енгізген. ?Жобаның әлеуметтік, саяси мәнін ескеріп Парламент Сенатынан қарауды өтінген болатынбыз. Сенаторлар Мәжілістің қазақ тіліндегі мәтініне енгізген түзетуінің үстінен 27 қате тауыпты. Сонда Парламент бұндай қазақ тіліндегі қатеге толған келісімді қалай қабылдамақшы. Үкімет те өз ісіне салғырттық танытып, «алшақтық болған жағдайда ағылшын тіліне қараңыздар» деген сілтемені көрсетіп қойыпты. Дегенмен де бұл АҚШ үшін емес, Қазақстан үшін керек заң болып тұр. Бұндай құжатты Сыртқы істер министрлігі дайындайды екен. Аталған министрлік 2009 жылдан бастап іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшкенімен де, бұл бағытта ешқандай өзгеріс байқалмай отыр?, деді депутат. Оның айтуынша, комитетте талқыланған заң жобасының қазақ тіліндегі мәтінінде негізінен стилистикалық, орфографиялық, мазмұндық алшақтықтар орын алып, барлығы 60-тан астам қате кеткен. Осыған орай, депутат бұндай немқұрайлылыққа шыдай алмайтынын айтып, Елбасының атына хат жазатынын да жеткізген болатын. Арада ай өтпей жатып жаңағы олқылық тағы да қайталанып отыр. Ең сорақысы, бұл жолғы заң жобасы да халықаралық келісімге жататындықтан, Қазақстан өз мемлекетінің тіліндегі құжаттарды сауатсыз жүргізетін ел ретінде танылатын түрі бар. Мәселенің мәнісіне келетін болсақ, бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында ?ҚР Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы? заң жобасы талқыланды. «Заң жобасын жұмыс тобында талқылау барысында келісімнің мемлекеттік тілдегі мәтінінде кемшіліктер орын алғандықтан, Сыртқы істер министрлігі словакиялық әріптестеріне арнайы хат жолдап, келісімнің қазақ тіліндегі жаңа мәтінін жіберген болатын. Словак тарапы да бұған түсінушілікпен қарап, тиісті келісім беріліп еді. Дегенмен де, заң жобасын ары қарай пысықтау барысында аудармашылар бұрынғы қателерден де көп түзетулер жасап отыр. Сондықтан да, осындай түзетулер үшін Словак Республикасынан екінші қайтара келісім сұрауға мәжбүр болып отырмыз», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Индустрия және сауда министрінің орынбасары Алмас Қосынов. Яғни, оның айтуынша, заң жобасы Парламентке түспей тұрып Қазақстан Словак тарапына бір мәрте нота жіберіп, мемлекеттік тілдегі мәтінге келісім беруді сұраған. Ал Словакия бұған өз келісімдерін беріп үлгергені кеше еді, Қазақстан тағы да кешірім сұрап, дипломатиялық нота жіберуге барып отыр. Қазақ тіліндегі мәтінді орыс немесе ағылшын тіліндегі мәтінмен біріздендіру үшін дипломатиялық жолмен осылай қайта-қайта келісім алу жиі қолданатын жақсы тәжірибе емесі анық. Мұны Қазақстанның беделін түсіретін сорақы көрініс десе де болады. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті аталған жобаға қорытынды бергенде құжатта мемлекеттік тілдегі мәтінді бұрмалайтын қателіктерді ашып көрсеткен. Ондай қателер негізінен стилистикалық, лингвистикалық, редакциялық сипатта орын алған әрі орыс тіліндегі мәтінмен тең түпнұсқалы болмағаны, яғни мағыналық ауытқулары тым алшақ кеткені анықталған. Сондықтан да, заң жобасына Үкімет немқұрайлы қарайды деп бағалауға да болады. Бұл қазақ тілінің мемлекеттік тіл деңгейіне әлі де көтеріле алмағанын көрсетеді. Бір жағынан, халықаралық қатынастардағы құжаттардың сапасы бұндай болуы мүлдем түсініксіз. Қазақстан үшін ұятты жағдай деп атауға тура келіп тұр. ?Өзіміздің мемлекеттік тілімізде дұрыс жазбаптық?, деп қайта?қайта дипломатиялық нота жіберетін болсақ, басқа ел бұған күлмей ме?! Жалпы, мемлекеттік тілді дамыту мәселесі тиісті деңгейде айтылмай отыр деуге ауыз бармайды. Бірақ қазақ тілі мемлекеттік істерден, билік органдарының дұрыс іс жүргізуінен әлі де көрініс таба алмай келеді. Ендеше, биліктің әрекетімен ұштасып, қоғаммен біте қайнаспайтын тілді қалай дамытуға болады? Шындығында, мемлекеттік тілдегі іс жүргізу, құжаттар әзірлеу әлі де болса мешеулік күйінде екендігі осыдан көрінеді. Өйткені тәуелсіздіктен бері қарай іс жүзінде тілге емес, аудармаға жүгіну барынша кең етек алып болды. Тіпті, бұл биліктің ғана емес, қоғамның да кезекті індетіне айналып келеді. Ал аудармаға сүйенген мемлекеттік тілдің ешқашан көсегесі көгермейтіні, өз деңгейіне көтеріле алмай, ылғи ресми тілдің ығында өгей бала ретінде қалатыны белгілі дүние. Сондықтан да, мемлекет ішінде ғана емес, халықаралық істерде беделді бұлай түсіре беруге жол берілмеуі тиіс. Әділет министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі заң жобаларын, халықаралық келісімдерді әзірлегенде ?орысша орып, қазақша дестелеуді? тиятын уақыт та жетті ғой.