Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеу тастап, елдің әлеуметтік мәселелерін шешуге арналған жаңа бастамаларды тізбектеді. Құрылыс жұмыстары қарқын алып, еліміздегі төртінші агломерация аймағына енген Ақтөбе үшін әр бастаманың маңызы зор. Мәселен, өңірде пәтер кезегінде 32 мыңнан астам адам тұр. Оның 22 мыңға жуығы Ақтөбе қаласында кезек күтуде. Жыл сайын тұрғын үй құрылысы қарқын алғанымен, әлеуметтік мұқтаж топтар үшін әлі де пәтер мәселесі өткір тұр.
«Әрбір адам үшін баспана басты қажеттілік болып саналады. Нұрсұлтан Әбішұлы соны ескере келе халықты баспанамен қамтамасыз етудің жаңа мүмкіндігін атады. Ақтөбе облысында 32 мың адам кезекте тұр. Оның 22 мыңға жуығы Ақтөбе қаласында. Өткен жылы Кеңес Одағында болмаған 793 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл кем дегенде 850 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс. Яғни, 22 мың ақтөбелікті пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Елбасы тапсырмасына сай қосымша міндеттер аламыз. Баспана салуды көбейту керек», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Кейін өңір басшысы өз орынбасарларына тапсырма беріп, тұрғын үй құрылысы жұмыстарын жетілдіруді атап өтті.
Елбасы екінші бастамада табысы аз жұмысшылардың жалақысын көтеру, салық мөлшерін азайтуды тапсырды. Қазіргі кезде Ақтөбе облысы бойынша 100 мыңға жуық адамның табысы 60 мың теңгеге жетпейді. Бұл тізімді нақтылау үшін Ақтөбе облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мен Әділет департаменті бірлесе жұмыс істеп, ауыл, елдімекендегі адамдардың табысын қайта қарайды. Жиын кезінде қажетті мамандарға грант бөлу, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жайы айтылды.
«Бәсекеге қабілетті боламыз десек, халықаралық талапқа сай маман дайындауымыз керек. Нанотехнология, робототехника, цифрлы технологияны меңгеру жастардың міндеті. Алдағы уақытта гранттың саны өседі. Соған орай жоғары оқу орындары өз ұсынысын беруі тиіс. Қазір облыста 49 мыңға жуық студент бар. Арнаулы орта оқу орындарындағы студентердің 18 пайызы жатақханамен қамтамасыз етілген. Колледждердің 40 пайызында мүлде жатақхана жоқ. Ал ЖОО студенттерінің 38-40 пайызы жатақханамен қамтамасыз етілген. Сондықтан ЖОО басшылары жатақхана сұранысын білу керек. Ауылдан келген студенттердің көбі пәтер жалдайды немесе туыстарының үйінде тұрады. Олар есепте жоқ. Пәтерге ақша төлейді, ағайынның үйінде де жағдайлары белгілі. Бәрін қарап, оң шешімін табу керек»,- деді Б.Сапарбаев.