18:23, 27 Наурыз 2009
Халықаралық театр күніне орай Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ең ескі спектакль жаңартылып қойылмақ
ОРАЛ. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Халықаралық театр күніне орай наурыздың 27-сінде Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында осындағы ең ескі спектакль ретінде өзбек драматургі Шарас Башбековтың «Шойын қатын» шығармасы жаңартылып қойылмақ.
Театр директоры Құжырғали Төлеуішевтің ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, бұл туындыны 1993 жылы режиссер Елкен Жылқышынов (қазір марқұм) қойған еді. Сондай-ақ спектакльде алғаш ойнаған Гүлнәр Жақыпова, Мұрат Ахманов, Қазима Нұғымановалар қазір басқа жақта жүрсе, Сайлау Сембаев арамызда жоқ.
Бұл жолы қойылымның бірінші бөлімінде ересек актерлер ойнаса, екіншісінде кезек жастарға беріледі. Спектакль барысында о дүниелік болған режиссер, актерлер еске алынады.
Бүгінгі таңда театр репертуарында 45-ке жуық спектакль бар.