«Халықаралық терроризм қаупі сейіле ме?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 21 наурыз, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің кездесуі болып өтті. Үш елдің көшбасшыларының осы кездесуі арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Экономикалық дағдарыс құбылыстары бірлесіп еңсерілмек» деген тақырыппен берілді. Басылымның жазуынша, үшжақты кездесу барысында мемлекеттер басшылары өзара сауданы және үш елдің экономикалық өзара ықпалдастығын арттыру мәселелерін қарастырды. Бұдан бөлек, президенттер әлемдік экономикадағы үрдістердің дамуын, сондай-ақ, Украинадағы қазіргі орын алып отырған жағдайды талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыс көріністері тұрғысынан әлемдегі қазіргі ахуалды талқылау үшін бұл кездесудің маңыздылығын атап өтті. - 2007-2009 жылдардағы дағдарыс жаһандық сипатта болған еді, ал қазіргісі өңірлік бағыт алып отыр және энергия ресурстары мен біз өндіріп жатқан тауарлар бағасының төмендеуінен туындады. Біз мұндай қатердің боларын болжадық, ендігі міндетіміз - бірлескен шаралар әзірлеп, осы кезеңнен сәтімен өтіп шығу», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, өзге елдерге де әсерін тигізіп отырған Украина дағдарысына қатысты пікір алмасу қажеттігіне тоқталды.

Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы және Ресей Федерациясы президенттері кездесуінің қорытындысына арналған бірлескен брифинг те өткізілген.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев пен «KAZENERGY» қауымдастығының бас директоры Әсет Мағауов баспасөз мәслихатын өткізді. Онда елімізді газбен қамту шаралары сөз болды. Вице-министр әуелі Мемлекет басшысының берген тапсырмалары мен «Нұрлы Жол» Жолдауында және индустрияландыру бағдарламасы бойынша орындалып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелеп, елді газдандыру мәселесіне тоқталды. Бұйыртса, 2015-2030 жылдарға арналған бас сызба бойынша 2030 жылға дейін 13 облыстың халқы көгілдір отынмен толық қамтылады екен. «Былтыр республикада табиғи газды тұтыну көлемі 12,4 млрд. текше метрге жетті. Естеріңізде болса, өткен жылдың қарашасында Үкімет елді газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас сызбасын бекіткен болатын. Осы сызбаны жүзеге асыру арқылы 2030 жылға дейін 13 облыс газбен қамтылады. Қазір еліміздің 42 пайызы газбен қамтылып отыр. Ал, бас сызба аясында тұрғындардың 56 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді. Жалпы, жаңа газ құбырларының ұзындығы 29 мың шақырымға жетеді», - деді ол. Мақала тақырыбы - «Көгілдір отын өтімді болып тұр».

«Бүгінде күн тәртібіне жиі шығатын тақырыптардың бірі, әлемдік валюта - доллардың бүгіні мен болшағы. «Ғаламда доллардың үстемдігі жүре бере ме? Әлде оның орнын басқа ақша баса ма? Ол қай елдің қаржысы болмақ?» деген сарапшылардың болжамы көп. Сол айтқыштардың басым көпшілігі «Әлемде жаңа бір қаржы жүйесі қалыптасып келеді. Бұдан былай резервтік валюта ретінде дол-лар, евро және юань жүретін болады» деседі. Әрине олардың айтып отырғандарында шындық бар», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Юаньның бағы жанған заман» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, 2000 жылға дейін жер шарындағы мемлекеттердің резервтегі валютасы ретінде доллар ғана сақталып келген. Ал сол 2000 жылдан бастап Еуропа мемлекеттерінің ортақ ақшасы - евро дүниеге келісімен, көптеген елдер сақтық валюта қорынының тең жарымын евроға ауыстырған еді. Енді көп ұзамай юаньға да орын бермек. Мұның алғышарттары бүгіннен қалана бастады деуге болады. Мәселен, Азия инфрақұрылым инвестиция банк (АИИБ), БРИКС даму банк және Жібек жолы қоры секілді қаржы жүйлері Қытай юанының бағын ашайын деп отыр. «лдағы уақытта банктің қаржысы бірнеше жүз миллиардқа өсетіні белгілі. АИИБ-ға құрылтайшыларының қатарына ТМД елдерінен Қазақстан, Өзбестан және Тәжікстан да кіреді. Тіпті АҚШ-тың осы аймақтағы одақтастары Австралия, Оңтүстік Корея да бар. Бұған Кәрі құрлықта жатқан бейтарап ел Швейцария да енуге талпыныс жасауда. Бұл банктің тізгіні Қытайдың қолында болғандықтан, көп ұзамай юаньның да бағы жанатыны белгілі», - деп түйіндейді мақала авторы.

Әдетте террористер ішкі мәселесі шешілмеген елде пайда болады. Әлеуметтік-материалдық проблемасы шегіне жеткен адам тығырықтан шығу үшін қандай амалға болса да баруға дайын. Сонымен бірге, радикалдық идеяларға психологиялық тұрғыдан төтеп бере алмаған, өзі өмір сүріп отырған ортасы сыртқа тепкен жастар да террорлық ұйымдарға үйір келеді. Әрине, олар бастапқыда сол шешімінің адамзатқа қауіп төндіретінін бағамдамауы мүмкін. Ал бәрін түсінгенде кеш болады. Ендеше, жастарды терроризм ықпалынан қалай сақтауға болады? «Айқын» газетінің жазуынша, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің ұйымдастыруымен өткен «Халықаралық терроризм: қазіргі үдерістері мен жастар ортасына ықпал етуіне қарсы іс-әрекет» тақырыбына арналған дөңгелек үстел осындай сауалдарға жауап іздеген. Басылымның жазуынша, отырысқа қатысқан ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбековтің айтуынша, Халықаралық коалицияның соққы беруі ИГИЛ басшыларының жаңа аумақты жаулап алу жоспарын уақытша тоқтауына мәжбүр етті. «Олар енді қол жеткізген аумақты ұстап тұруға күш салады. Сондықтан жалдамалы жауынгерлерге сұраныс артып отыр. Бүгінгі таңда шетелден ИГИЛ-ге қосылған шетелдік жалдамалылардың саны туралы дерек әртүрлі. Бүгіндері ИГИЛ-дің 50 мыңға жуық жауынгері бар десек, оның 16-20 мыңы - шетелдік азаматтар. Оның ішінде ТМД, Орталық Азия өкілдері де бар. Олар ИГИЛ-дің «идеологиялық өңдеуінен» өткен соң арнайы тапсырмамен еліне оралып, лаңкестік әрекеттерге дайындалады», - деген ҰҚК өкілі Қазақстанның 150 азаматы да лаңкестік ұйымдар сапында шетелдегі әскери әрекеттерге қатысуда екен. Мақала «Халықаралық терроризм қаупі сейіл е ме?» деген тақырыппен берілген.

***

Кеше Алматыдағы Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында өрт шықты. Төтенше оқиға орнына келген журналистерге ЖОО студенттері қол көтерген, деп жазды « На пожаре кулаками не машут» атты мақаласында «Экспресс-К» газеті.

Басылым атап өткендей, «Литер» газетінің фото тілшісі Павел Михеев басынан соққы алған. Оның айтуынша, қолынан басқа студенттер ұстап тұрғандықтан ол өзін-өзі қорғай алмаған.