Халықаралық валюта қоры алдағы уақытта Кавказ бен Орталық Азия елдерінде инфляция бірқалыпты өсетіндігін болжауда

АЛМАТЫ. 12 қараша. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта Кавказ бен Орталық Азия (КОА) елдерінде инфляция бірқалыпты өседі.

Бұл туралы бүгін Алматыда Халықаралық валюта қорының КОА елдерінің даму келешегі туралы кезекті баяндамасының таныстырылымында айтылды.

«Инфляцияның төмендеуіне азық-түлік бағасы ықпал етті. Дегенмен, алдағы уақытта инфляция бірқалыпты өседі деп болжануда. Оған жаздағы азық-түлік бағасының өсуі түрткі болуда. Ал қазақстандық инфляция соңғы айда тарихи төменгі шегіне дейін жетті. Пайыздық мөлшерлеме биыл 4 рет азайды. Алдағы уақытта біз тарифтің өсуі мен халықаралық деңгейдегі азық-түлік бағасы инфляцияның көтерілуіне әкеледі деп санаймыз», - дейді Халықаралық валюта қорының Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдері департаменті директорының орынбасары  Юха Кяхконен.

 Оның айтуынша, 2010 жылы КОА елдері арасында  жалпы ішкі өнімдегі азық-түлік импортының ең төменгі үлесі 2007-2008 жылдармен салыстырғанда - Қазақстанда  (2,1-ден 2 пайызға дейін).  Бұл Қырғызстанда - 11, Грузияда - 8, Арменияда -7, Әзірбайжанда  - 2,2 пайызды құрауда.  Ал 2010 жылғы тұтыну бағасы индексіндегі  ең төменгі азық-түлік үлесі  Қазақстан мен Грузияда (39 пайыз) тіркелді.  Бұл Тәжікстанда - 60, Өзбекстанда - 58, Түрікменстанда - 55, Әзірбайжанда  - 52, Армения - 48, Қырғызстанда  - 47 пайыз болуда.