Халықаралық Жәутіков олимпиадасында физикадан ең жоғарғы нәтиже көрсеткен оқушыға Әділет Имамбеков атындағы арнайы сыйлық берілді

АЛМАТЫ. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - АҚШ Президенті мен Лев Ландаудың сыйлықтарын иеленген және Гарвардт университетінде РһD докторлығын қорғаған тұңғыш қазақ ғалымы Әділет Имамбековтың есімі қайта жаңғырды.

Кеше Алматыда мәреге жеткен IХ Халықаралық Жәутіков олимпиадасының жеңімпаздарын марапаттау кезінде, енді физикадан ең жоғарғы нәтиже көрсеткен оқушыға Әділет Имамбеков атындағы арнайы сыйлық тағайындалғаны әлемге жария етілді. Оның алғашқы иегері Мәскеу қаласы құрамасының мүшесі, Жәутіков олимпиадасының жеңімпазы Илья Фрадкин болды. Қазылар алқасының тұрақты төрағасы ҚР ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаевтың ұсынысымен тағайындалған бұл сыйлық жыл сайын ұлтына, жасына қарамастан, тек ең үздік нәтиже көрсеткен бір оқушыға ғана табыс етілмек.

«Бұл сыйлықтың тағайындалуын биылғы Олимпиаданың басты жаңалығы деуге болады. Қазіргі заманның қаһарманын іздеген кезде оның есімі бірден біздің есімізге түсті. Әділет физикадан Ресей командасының капитаны болды. Оқушылар арасындағы жарыстардан ешқашан алтын медальсіз қайтпаған ол, Ресей Президентінің сыйлығын алады. Сондай-ақ М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетi жанындағы А. Н. Колмогоров атындағы мамандандырылған оқу-ғылыми ордасын алтын медальмен және Мәскеу физика-техникалық институтын «қызыл» дипломмен аяқтайды. Сосын Гарвардта білімін жетілдірген Ә.Имамбеков бұл оқу орнында РһD докторлығын қорғаған тұңғыш қазақстандық болды», - дейді А.Жұмаділдаев. Оның айтуынша, аталмыш оқу орнының талабы бойынша онда білім алған ғалымның докторлық қызмет жасауына рұқсат берілмейтіндігіне байланысты Йель университетiнде жұмыс iстеп, керемет ғылыми еңбектер жазған оның жетістіктері жоғары бағаланып, АҚШ Президенті мен КСРО Мемлекеттік сыйлығын 3 мәрте және физика ғылымы бойынша Нобель сыйлығын иеленген Лев Ландаудың арнайы сыйлықтарын иеленген тұңғыш қазақ ғалымы атанды. 2009 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Райс университетiнде физика және астрономия профессоры қызметiн атқарып келген ол өз ісімен ғылыммен шұғылданған адамның қандай биікке көтеріле алатынын күллі әлемге паш етті.

Асқар Жұмаділдаевтың сөзіне қарағанда, «Әділет Оңласынұлы тек ғылыммен ғана шұғылданбай, спортты да жанына серік етіп, альпинизммен айналысты. Тіпті жеңіл атлетикадан да өзіндік биіктіктерді бағындырған ол әлемнің ең биік шыңы Эвереске шығуға талаптанады. Оның алдында Хан тәңіріне көтерілмек болған Әділеттің үлкен жүрегі 31 жасқа қараған шағында 2012 жылы 17 шілдеде 5300 метр биiктiкте мезгілсіз тоқтады. Ол аз да болса саналы өмір сүрді. Осындай тұлғалардың өмірі біздің жастарға үлгі-өнеге болуы тиіс. Есімдері мектептер мен өзге де мекемелерге беріліп, абыройлы сыйлықтарға атын беру қажет».