Халыққа тегін медициналық көмек көрсетуге қосымша 541 млрд теңге қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін қаржыландырудағы тапшылық 541 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы бүгін «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы аптада өткен ҚР Парламентінің бірлескен отырысында Елбасы әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге қатысты Үкіметке тікелей бірнеше тапсырма берді. Жалпы осы реформаны жоғары деңгейде әрі тиімді енгізуге байланысты көп мәселе көтерілді. Сол мәселелерді талқылауға жиналып отырмыз. Өздеріңізге мәлім, әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу 2015 жылы  көтерілген болатын. Содан бері  бірнеше  заңнамалық акті қабылданып, көп жұмыс атқарылды. Қоғамда бұл мәселе жан-жақты талқыланды», - деді жиынды ашқан ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Келесі кезекте сөз алған ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева медициналық сақтандыру жүйесін енгізудегі негізгі себептерге тоқталды. Оның айтуынша, аталған жүйені енгізуге  демографиялық көрсеткіштердің жақсаруынан халық санының өсуі, инфекциялық емес аурулардың артуы, инфляция және жаңа жабдықтар мен дәрі-дәрмектер құнының қымбаттауы түрткі болған.

«Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің атаулы шығындары 2006 жылғы 209 млрд теңгеден 2016 жылы  884 млрд теңгеге дейін, яғни 4 еседен аса өскеніне қарамастан, бұл шығындар деңгейі жалпы ішкі өнімге қарағанда жағымсыз үрдіске ие. Ол 2009 жылғы 2,6 пайыздан 2016 жылы 1,9 пайызға дейін төмендеген. Бүгінгі күні кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін қаржыландырудағы тапшылық 541 млрд теңгені немесе қажеттіліктің 38 пайызын құрайды», - деді Л.Ақтаева.

Вице-министрдің дерегінше, стационарлық медициналық көмек, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызмет 61 млрд теңгеге, консультативтік-диагностикалық қызмет 51 млрд теңгеге, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету 41,9 млрд. теңгеге, онкологиялық қызмет 37 млрд теңгеге жеткіліксіз  қаржыландырылған. Сапалық өзгерістер үшін негізгі құралдарды жаңарту және медициналық қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын арттыруға қосымша 316 млрд теңге де қажет.

«Соның салдарынан халық тегін көрсетілуге тиісті медициналық қызметтерге ақы төлеуге мәжбүр. Сонымен бірге халықтың «қалталық» төлемдерінің үлесі денсаулық сақтауға жұмсалатын жалпы шығындар құрылымында 2011 жылғы 31 пайыздан 2015 жылы 39 пайызға көбейген. Еуропа елдерінде «қалталық» шығындар үлесі 16,3, ЭЫДҰ елдерінде 19,6 пайызды құрайды», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың 4 қыркүйегінде Парламент палаталарының бірлескен отырысында еліміздің денсаулық сақтау саласын дамыту үшін медициналық сақтандыру жүйесінің прогрессивтілігін айта келе, ҚР Үкіметіне МӘМС жүйесіне барлық санаттағы азаматтардың тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бірінші кезекте Елбасы медициналық көмекке қолжетімділік және «өзін-өзі қамтамасыз ететіндер» санатына жататын 2,7 миллионнан астам қазақстандықтардың МӘМС жүйесіне қатысу шарттары туралы мәселелерге ерекше мән берді.