Халықты отандық көкөніспен қамту мәселесі алдағы бірнеше жылда өз шешімін табады - Қазақстан жылыжайлары қауымдастығының пррезиденті

АЛМАТЫ. 26 тамыз. ҚазАқпарат - Ресми статистика бойынша елімізге шет мемлекеттерден импортталатын қызанақ пен қиярдың үлесі қыс-көктем айларында 64 пайызды құрайды. Кейбір мамандардың айтуынша,  бұл тіпті 80 пайызға дейін жетіп жығылады.

Біз осыған орай Қазақстан жылыжайлары қауымдастығының президенті Қанат Қошманды сұхбатқа тартқан едік.

- Қанат Қошманұлы, халықты көкөніспен қамтуда нарықтағы қазіргі ахуал қандай?

- Қазақстанда  қарашадан-маусымға дейінгі аралықта халықтан жылыжайда өсірілген қызанақ пен қиярға 87 мың тоннаға, ал  жаз айларында ашық топырақта өндірілетін бұл өнімдерге 1,3 миллион тоннаға тапсырыс береді екен. Қазір елімізде жазғы маусымда ашық топырақта 1,5 миллион тоннаға жуық қияр мен қызанақ өндіреді екенбіз. Ал артылғаны экспортқа шығарылады не қолданыстан шығып қалады.  Қысқы жағдайда біз климаттық ерекшелікке байланысты ашық топырақта өндіре алмаймыз. Сондықтан өзімізге қажетті өнімдерді арнайы өндірістік кешендерде  өндіруіміз керек болып отыр. Қазір біз қысқы маусымда тұтынатын  87 мың тоннаның 25 мың тоннасын ғана өзімізде өндіріп отырмыз. Қалғаны сырттан әкелінеді.

- Қашан ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ете аламыз?

- 2008 жылы бұл мәселе Үкімет тарапынан қолдау тауып, қажетті көкөністерді жылыжайларда өндіру үшін  18 миллиард теңге қаражат бөлінді. Біздің жоспарымыз бойынша, нарықты қысқы маусымда отандық қызанақпен және қиярмен қамтамасыз ету үшін  200 гектар жерге озық технологиялармен  жабдықталған  өндірістік жылыжай кешендерін салу керек. Қазіргі таңда  бізде көлемі  47 гектарға дейінгі алқапты қамтитын жылыжай кешендері ғана бар.

- Кейбір сарапшылар біз азық-түлік өнімдерін, оның ішінде көкөністерді  тұтыну мөлшері жағынан 1990 жылдардағы деңгейге әлі жете алмай отырмыз дейді?

- Олар рас айтады. Кеңес дәуірінде 1980 жылдары бізде 365 гектар жерде фермерлік деңгейдегі шағын жылыжайлар болды. Онда өзімізді-өзіміз қамтамасыз етіп тұрдық. Тәуелсіздік жылдарындағы өтпелі кезеңдегі  қиыншылық кезінде біз бұл саланы ұмытып кеттік. Өйткені бұл кешендер әрдайым көңіл бөліп, қаражат жұмсап отыруды қажет етеді. Шығынды сала болғандықтан олар Үкімет тарапынан қолдау таппады. Тек 2006 жылдан бастап қана қалыптасқан ахуал өзгере бастады. Ал 2008 жылдан бастап бұл сала Үкіметтен қолдау тапты.

Кеңестік дәуірде өндірістік жолмен фермерлік жылыжайларда 15 мың тоннаға дейін қияр мен қызанақ өндірілетін. Біз қазір 25 мың тоннаға дейін өндіре аламыз. Егер өндірістік кешендерді жылма-жыл ұлғайтып отыратын болсақ, сырттан келетін өнімдерге тосқауыл қоя аламыз. Бұл өзіміздің отандық өндірісті дамытуға жол ашады. Өйткені жабық жерде өсірілетін қызанақтың өнімділігі орта есеппен 400-500 тонна, ал оның ашық жердегі өнімділігі 60-80 тоннаны құрайды. Жылыжай өндірісіндегі инновациялық жаңа технологиялар өнімнің өзіндік құны мен жұмыс күшін 2 есе арттырады. Ал оған қажетті суды 3 есе үнемдеп, өсімдіктерді түрлі зиянкестер мен аурулардан сақтайды.

- Шағын қожалықтардың иелігіндегі фермерлік жылыжайды дамыту мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Бұл бағыттағы жұмыстар да Үкімет  тарапынан  2008 жылдан бері қолдау тауып келе жатыр. Оған Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы «Жылыжай» деген арнайы бағдарлама бойынша шағын жылыжайларлы салуға 1,2 миллиард теңге бөлініп отыр. Онда  әрбір шаруа қожалықтарына 500 шаршы метрлік  1 жылыжайды салуға  3 миллион теңге көлемінде қаржы беріледі. Алайда жылыжайды салу бір бөлек мәселе болса,   онда тұрақты өнім өндірудің өзіндік  екінші бір мәселесі бар. Арнайы мамандар болмағандықтан, олардың жұмысы  көп жағдайда  орта жолда тоқтап қалып жатты. Сол себепті былтырдан бастап қор қаржыландырудың жолына жаңа өзгерістер енгізді.   Енді бір агроном бірнеше кешенде жұмыс жасап, кәсіби түрде ақыл-кеңес беріп отыру  үшін 50, 100 фермерлік жылыжайл  бір жерге топтастырылып салынуда. Қазір мұндай 100 жылыжай Оңтүстік Қазақстан мен  Жамбыл облыстарында салынып болды.  Алматы, Қызылорда облыстарында  50 жылыжайдан екі кешен,  Ақтөбе облысында бір кешен салынып жатыр.

- Өнеркәсіптік жылыжай кешендерін салу қомақты қаржыны талап етеді. Бұл бағытта кәсіпкерлерге кім және қалай қол ұшын беруде?

- Бұл жұмысқа «ҚазАгроҚаржы» АҚ инвестиция салуда. Бүгінгі таңда бұл компания  11,9 млрд. теңгенің жылына 24,1 мың тонна жеміс-көкеніс өнімдері мен 5 млн. дана көшет өсіретін 13 өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылысын қаржыландыруда. Олар 45,8 гектар аумақты алып жатыр. Бұл компанияның қаржыландыруының арқасында 2008 жылдан бері  27,4 гектар алқапқа жететін жылдық қуаты 15,3 мың тонна болатын 8 жылыжай кешені іске қосылды.

- Жылыжай өндірісі  қазір қай өңірлерде жақсы дамып  келе жатыр?

 - Оңтүстікте жылыжай салу жалпылама сипат алуда. Онда  Үкімет көмегімен және  кәсіпкерлердің жеке қаражаты есебінен климаттық жағдайы қолайлы болған соң, жылыжай салу қарқынды түрде өсіп келе жатыр. Оңтүстік өңірде шаруа қожалықтарының шағын жылыжайларын көбірек дамыту керек. Ал қысы суық және ұзақ болып келетін солтүстік өңірлерде  өндірістік кешендер салу қажет. Қазір Алматының өзінде қысқы маусымда жылыжайлар ішкі сұраныстың 10 пайызын ғана қамтамасыз ете алады. Ал солтүстік облыстарда бұл көрсеткіш бұдан да жоғары. Сондықтан бұл салада өз кәсібін ашып, бизнес жасаймын деушілерге мүмкіндік өте мол. Тек бұл үшін  іскерлік пен төзім керек. Жылыжайда өндірілген өнім бірден сауда сөресіне шығатындықтан, жылыжай құрылысына жұмсалған қаржы бірнеше жылда өз қайтарымын береді.

- Жылыжай технологиялары қауымдастығының вице-президенті Қайрат Досжановтың айтуынша, Қазақстанда жылыжай өндірісінің әлеуеті өте зор. Онда ішкі нарықты қамтамасыз етіп қоймай, көршілес өзге елдерге де өз өнімдерімізді сатуға да мүмкіндік бар. Мәселен,   Ақтөбе облысы арқылы Ресейге Орталық Азия елдерінен  күніне 3 мың тонна қызанақ пен қияр экспортталады екен.

- Оныңыз рас.  Қазақстанда көкөніс шаруашылығын дамытуға мүмкіндік те әлеует де жеткілікті. Қазір бұл салада даму үдерісі жүріп жатыр. Егер бәрі ойдағыдай жүзеге асатын болса, отандық өндірісшілер ішкі нарықты ғана қамтып қоймай, Кеден одағы елдеріне де өз өнімін шығара бастайтын болады. Бұл үшін қазір қажетті алғышарт жасалған. Енді тек жұмыс істеу керек.

- Әңгімеңізге рахмет.