Халықтың әл-ауқатының артуы кәсіпкерліктің табыстылығына байланысты - Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Р. Сатабаева

ПАВЛОДАР. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - «Елдің экономикалық игілігі шағын және орта бизнестің дамуымен байланысты, кәсіпкерліктің табыстылығы халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттырары сөзсіз»,

деді ҚазАқпарат тілшісіне Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Райхангүл Сатабаева.

Бұл Елбасымыздың биылғы Жолдауында басты бағыттардың бірі ретінде атап көрсетілген.

«Бизнес саласындағы басты ұйым - Кәсіпкерлер палатасы елімізде кәсіпкерлікті дамыту жолындағы кедергілерді жою үшін бар күшін салады. Мемлекет басшысы айтқандай, «шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасылық дәстүрге айналуы тиіс». Біз осы мақсатқа қол жеткізу жолында бар күш-жігерімізді жұмылдырмақпыз.

Аймақтағы барлық аудандар мен қалаларға барғанда аңғарғанымыз - біздің кәсіпкерлеріміз үшін несие ресімдеу, жер телімдерін алу, жаңа бизнес ашу, техникалық және кәсіби білім деңгейін көтеру мәселелері өзекті екен», - деп атап өтті Райхангүл Сатабаева.

«Өз ісін бастауды жаңадан қолға алған кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында «Бизнеске көмек» клубы құрылды. Павлодар облысы кәсіпкерлерінің форумы мен «Қазақстан-Сібір-2014» VIII халықаралық әмбебап көрмесін өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсететін «Кәсіпкерлер үйін» ашамыз. Президентіміздің ел алдына қойған мақсаттары Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы үшін де басты әрі негізгі болып табылады», дейді кәсіпкерлер ұйымының басшысы.