Халықтың денсаулығының жақсы болғаны дәрігерлер үшін де тиімді - К. Мәсімов

АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Отандық медицина саласының 2010 жылғы қорытындысы біздің бағытымыздың дұрыс екендігін көрсетіп отыр. Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін қорытындылаған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осылай деді.

«Менің ойымша, отандық медицина саласының 2010 жылғы қорытындысы біздің бағытымыздың дұрыс екендігін көрсетіп отыр. Осы жерде тағы бір мәрте атап өтейін. Біздің медицинамыздың бағалаушысы ол - тұтынушы, яғни қарапайым халық. Шынын айту керек, біздің азаматтар отандық медицинаның даму деңгейіне көп көңіл бөлмейді. Оған қарамастан, олар заң бойынша өздеріне тиесілі медициналық көмекті тиісті деңгейде алуы қажет. Ал, ең бастысы - қазақстандық азаматтардың денсаулығының жақсы болуы өздеріне ғана емес, дәрігер мамандарға да тиімді. Біз осындай жүйені әзірлеуге тиістіміз»,- деді К. Мәсімов.

Осы орайда Үкімет басшысы еңбекке жарамсыздық қағазын алып, үйде жату сияқты ескі психологиядан, сондай-ақ «ауру адамдар неғұрлым көп болса, солғұрлым мен қоғамға қажет боламын» деген теріс көзқарастан арылу қажеттігіне ерекше тоқталып, медицина саласындағы жаңа технологиялармен жұмыс істей алатын отандық мамандарды даярлау мәселесіне баса назар аударды.