Халықтың іскерлік белсенділігі мен жұмыспен қамтылуын қолдауға бюджеттен 225 млрд. теңге арнайы резерв қарастырылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықтың іскерлік белсенділігі мен жұмыспен қамтылуын қолдауға бюджеттен 225 млрд. теңге арнайы резерв қарастырылуда. Бүгін «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII Съезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

ҚР Президентінің атап өтуінше, халықтың іскерлік белсенділігі мен жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталған шаралар қарастырылған дағдарысқа қарсы шара қабылданды. Ағымдағы жылдың өзінде ғана бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 225 млрд. теңге сомасында арнайы резерв қарастырылған.

«Біз еңбек адамдарын «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасын өзектендіру арқылы қолдаймыз. 2015 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасына 770 млрд. теңге қарастырылып, оның 93 пайызы игерілді. Шамамен 500 шақырым автомобиль жолы салынып, жаңғыртылды. 7000 пәтер салынды, оған қоса Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі желісі бойынша 3700 пәтер салынып, 51 білім беру нысаны пайдалануға берілді. 100 млрд. теңге кәсіпкерлікті қолдауға бөлінді. Агроөнеркәсіп кешеніне, автомобиль өндірушілерге және басқа да салаларға жәрдем көрсетілді. Бұл бір жылдағы жұмыстың нәтижесі. Мұнан ары жеке бизнесті шағын несиелеуді, жұмысшыларды қайта даярлау мен біліктіліктерін арттыруды қаржыландыру көлемі арттырылатын болады. Толықтай алғанда, таяу жылдардың ішінде «Нұрлы жол» жобаларын жүзеге асыру 400 мың жұмыс орұнының құрылуын қамтамасыз етеді», - деді Н.Назарбаев.

ҚР Президенті әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының алаяқтық жолмен өсуіне жол бермеу аса маңызды екендігіне назар аударды. Осыған орай елімізде өнім шығару көлемін арттыру қажет.

Н.Назарбаев Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде бизнесті дамыту үшін қажетті барлық жағдайдың жасалғанын баса айтты.