- Эльмира Жұмажанқызы, осы кезге дейін қандай басты табыстарға қол жеткіздім деп ойлайсың?
- Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін өнер жолын жаныма серік етіп, БҚО қазақ драма театрында еңбек еткеніме биыл 20 жыл болды. Осы кезге дейін қырыққа жуық басты әрі негізгі рольдерді сомдаған екенмін. Ең алғашқы сүйікті рольдерімнің бірі Г.Хугаевтың «Қара шекпеніндегі» Қоян болса, Ш.Башбековтің «Шойын қатын» комедиясындағы - Кумри, Ө.Боранбаевтың «Сотанайдың соңғы үйленуіндегі» - Кәмила, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуіндегі» - Ботагөз, Биғайша, С.Ахмадтың «Суперкелінінде» - Саттыхон, А.Цагарелидің «Ханумасында» Кабато сияқты көптеген рольдерде ойнадым. 2011 жылы Ақтөбеде батысқазақстандық театрдың гастрольде болған сапарында «Көрермендер көзайымы» атанып, иығыма қамзол жабылып, жұртшылық ықыласына бөленгенім әлі есімнен кетер емес. 2016 жылы Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі А.Мақсұтовтың құрмет дипломын алсам, 2017 жылы 27 наурызда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының алғыс хатына ие болдым. Соңғы жылдары пьеасаларды қазақ тіліне аударумен де айналысып келемін. Соның ішінде башқұрт драматургі Флорид Буляковтың шығармасы бойынша «Қысқа ғұмыр» мұңды комедиясын тәржімалаған едім. Бұл спектакль «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында елордада өткен БҚО күндерінде Астана тұрғындарына көрсетіліп, қошеметке бөленді. Сонымен бірге елімізде Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында, Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында, Қызылжардағы С.Мұқанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында және Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының репертуарында аудармаларым жүріп жатыр. Ынтымақ пен берекенің алтын қазығындай, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасының біріміз. Осының бәрі үлкен табыс, жетістік деп ойлаймын.
- Кішкентайыңнан нені мақсат тұттың, армандар орындалды ма?
- Бала кезімде спортқа, әдебиетке құштар болсам да, әртіс болуды армандадым. Терезенің жақтауын сахна етіп, жабындарын көтеріп, өзімді таныстырып, ән шырқайтынмын. Неше түрлі образдарды қиялдап, биікке самғауды мақсат тұттым. Соның бәрі түстей болып көрінгенмен, қазір шындыққа ұласты. Жалпы, армандай білген адам сол мақсатына жетсем деп ерекшеленіп, соған жету жолында бар күш-жігерін жұмсайды. Сондықтан өзім кездесулерде жастарға «Алдарыңа биік мақсат қойсаңдар, сол үміт-тілектеріңнің орындалуы үшін тынбай білім алып, еңбек етумен бірге күресе білген дұрыс», деп айтып жүремін.
- Қазақ театрында актриса ретінде қызмет етіп қана қоймай, аудармашылықпен де айналысып жүрсің, мұның сыры неде?
- Өнер әлемі ең қызық, ең керемет әлем десе де болады! Актриса бола жүріп, жұмыс, отбасы шаруасымен қатар кейде қолым сәл босаған кезде шетел шығармаларын оқып отырамын. Сосын қызығына беріліп ойлаймын осы әдемі қойылымдар неге қазақ сахнасында сахналанбасқа деп. Алғашында кішкентай балалар ертегілерін қазақ тіліне аудара бастадым. Көне заманнан келе жатқан түрлі ұлт өкілдерін, халық пен халықты мәдени байланыстырудың бір түрі -аудармашылық өнер. Аударма өнері оңай емес, сол ұлт өкілінің салт-дәстүрін, қимыл-қозғалысын айнытпай беріп, автор ойының тазалығын сақтай білу керек. Әрине, өзім әртіс болғандықтан, әр кейіпкерді ойнап отырып аударамын. Мұның бір сыры осында.
- Қазіргі қазақ өнері (театр) алдында тұрған қандай өзекті мәселелер бар деп ойлайсың?
- Біздің талғампаз көрерменді ойландыратын, толғандыратын шынайы дүниелер көп болса деп ойлаймын. Өзге алыс-жақын шет елдерге шығып, тәжірибе алмасып, қосымша оқыту мәселесі де қаржылай шешілсе, дұрыс болар еді. Көп жерде Самал екеумізден сіздердің атақ-даңқыңыз қандай? деп сұрайды. Біздерде оның бірі де жоқ, ең бастысы, халықтың ықыласына, қошеметіне бөленіп жүрген жандармыз, соны қанағат тұтамыз десек, таңқалады. Шындығында сол халықтың бағасынан артық баға, бақыт жоқ деп есептеймін. Дегенмен бәрі уақытында бағаланғаны да дұрыс шығар.
- Бір отбасында қос бірдей өнерлі адамның бас қосуы қиындық туғызбай ма, балаларыңның өз жолыңды қуғанын қалайсың ба?
- Біз отбасымызда әзірге өнер жолын таңдаған үш адамбыз. Жолдасым Самал Әбуов Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында актер, қоюшы режиссер болса, қызым Гүлдана - «Назерке» би ансамблінің бишісі. Қалған екі ұлымыздың болашағын уақыт көрсетер. Дегенмен өнерлі адамның бас қосуы қиындық туғызбайды, қайта бірлесіп ақылдасып жұмыс жасауымызға үлкен мүмкіндік, көмек береді деп білемін. Жалпы, балаларымыз қандай мамандық таңдаса да, өз еріктерінде. Біз оларға бағыт көрсетіп, әр уақытта қолдап отырамыз.
***
Айта кетейік, Эльмира Жұмажанқызы Мақашева 1974 жылы Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданы Сарыөмір ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан өнер институтының режиссерлық бөлімін тәмамдап, 1997 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының сахнасында бүгінге дейін табан аудармастан тер төгіп келеді.