ХАМАС Газада Израильдің соққыларынан 25 адамның қаза тапқанын хабарлады

Фото: anadolu

АСТАНА. KAZINFORM — Палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильдің Газа секторына жасаған әуе соққылары салдарынан кемінде 25 адам қаза тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

— Израильдің Газа және Хан-Юнис қалаларына жасаған соққыларынан әйелдер мен балаларды қоса алғанда, кемінде 25 адам қаза тапты. Бұл соққылар — (Израиль премьер-министрі Биньямин) Нетаньяхудың палестиналықтарға қарсы геноцидті қайта жандандырып, жағдайды ушықтырған әрекеті, — делінген хабарламада.

ХАМАС өз жасақтары израильдік әскерилерге шабуыл жасады деген айыптауларды теріске шығарып, атысты тоқтату режимі күшіне енген сәттен бері анклавта 300-ден астам палестиналық қаза тапқанын алға тартты.

Еске сала кетейік, Трамп пен Нетаньяху Ақ үйдегі кездесуде Газадағы соғысты тоқтату туралы келісімге келген-ді. Дегенмен содан бері Израиль басшысы Палестина мемлекетін құру мүмкіндігі мәселесі жөнінде әлі тіс жарған жоқ.

Ал Франция президенті Эмманюэль Макрон қыркүйек айында Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында сөйлеп, өз елінің Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын мәлімдеді.

Жалпы, БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Франция, Люксембург, Мальта, Монако, Андорра, Сан-Марино және Бельгия Палестина мемлекетін ресми түрде таныды. Бұған дейін Канада, Австралия, Португалия және Ұлыбритания осындай шешім қабылдаған еді.

Қазіргі таңда Палестинаны БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің шамамен 160-ы мойындап отыр. Бұл әлем елдерінің 81 пайызына тең.