***
Кеден органдарында аттестаттау жүргізілгеннен кейін бірқатар өзгерістер болғаны байқалады. Соның бірі қазіргі кеден органдары қызметкерлерінің 16 пайызы ғана шендерін сақтап қалған екен. Бұл орайда олардың арасындағы сыбайлас жемқорлыққа бейім тұратындары да қызметтерімен қош айтысқандары белгілі. Ендеше, осы және басқа да өзекті мәселелерге байланысты нақты жауап алу үшін «Егемен Қазақстан» газеті еліміздің Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Аманияз Ержановқа жолығып сұхбат алған. «Бақылау - басты назарда» деген тақырыппен берілген сұхбат барысында шенеунік: «Кеден саласындағы жасалынып жатқан қылмыстарды саралай келгенде олардың арасында экономикалық қылмыстардың өсуі айқын байқалады. Мәселен, былтырғы жылы біз кеден қылмыстары бойынша 537 қылмыстық іс қозғадық. Соның ішінде тәркіленген заттар мен валюта 6 млрд. теңгеден асып жығылды. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 6 есе көп деген сөз. Ал үстіміздегі жылдың 4 айында кеден органдары контрабанда және кедендік алым мен салықтардан жалтарғандар бойынша 272 дерек анықталып, олар бойынша қылмыстық іс қозғалды», - дейді.
«Біздің бала кезімізде «Ұшты, ұшты. Не ұшты?» деген ойын болушы еді. Жақында осыған ұқсас бір «ойын» Швейцария шалғынындағы Женева кантонында да ойналды. Мұндағы жұрт бірнеше күн бойы Альпі тауының етегіндегі елдің «басты қаһарманына» айналған Виктор Храпунов мырзаны бірнеше күн бойы жоғалтып алып, оның қайда кеткенін білмей, ойлары ойран болысты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Хамелеон Храпуновтың тағы бір қитұрқы қадамы» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, қашқын шенеуніктің Шығыс Қазақстан облысында тұратын апасының баласы түсініксіз жағдайда қаза тауыпты. «Әлбетте, қандай жағдай болғанда да, кісі өлімі жақсы оқиға емес. Ол және құпия, белгісіз, түсініксіз жағдайда орын алған болса, өкініші тіпті зор. Виктор Храпуновтың туған әпкесінің ұлы Дмитрий Стряпчевтің беймағлұм жағдайда көз жұмуы да сондай аянышты халді туғызады. Расында да, оның өлімінде түсініксіз мезеттер көп көрінеді. Бірақ осының өзінен Виктор Храпуновтың саяси ұпай жинауға әрекет етуі еріксіз қайран қалдырады. Дәл осы жерде ешкімнің де нағашысы үшін жиенінен кек қайтаруға тырыспағаны аян. Демек, оның мұны өзінің ісіне араластырып қажеті жоқ еді», - делінген мақалада.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, «Халық қаһарманы», сенатор Мұхтар Алтынбаев педофилдердің көзін жою керек деп санайды. Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында Әділет министрінен жас балаларды зорлап, тояттағандарға қатысты жазаны күшейтуді қолдауын сұрады. Сенат депутатының мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда педофилияның 184 оқиғасы тіркеліпті. Бұған жауап ретінде министр Берік Имашев жаңа Қылмыстық кодекс жазылып жатқандығын айтып, осы мәселені сонда қарастыруды ұсынды. «Біздің елімізде өлім жазасын қолданбау туралы шешім қабылданған, бірақ мен мұндай әбілеттерге ең қатал шаралар қолданылуы керек деп санаймын! Тіпті кастрациялап тастау керек оларды. Тағы қандай ең қатал жазалар бар - қолдану қажет! Жалпы, менің өз пікірім - мұндай адамдықтан кеткен айуандарды құрту керек!», - деді Сенаттың жиынынан кейін журналистермен тілдескен М.Алтынбаев. Мақала «Жазаның жеңілі болмауы тиіс» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінің деканы, химия ғылымдарының докторы Ердос Қалимуллаұлымен арадағы сұхбат «Бүгінгі күннің өзекті мәселесі - «жасыл химияның» ережелеріне сәйкес өнім өндіру» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол ҰБТ-ға қатысты пікірін былай деп жеткізген: «Ұлттық бірыңғай тестке қарсы шығып жүргендер оның орнына лайықты бағалау формасын ұсынсын, әйтпесе босқа даурығудың қажеті жоқ деп есептеймін. Негізі білетін балаға қалай тапсырса да - бәрібір. Әрине, тестің теріс жақтары бар, оқушыларымыз ойын, пікірін айтудан қалды, тек жаттанды сұрақ-жауаптарға ғана дайындалады. Бірақ математика, физика, химия пәндерінен есеп шығару үшін теориялық дайындығы болмаса, құр жаттаудың бәрі бекер. Өкінішке қарай, қазірше тестің орнына лайықты балама жоқ, сондықтан оған мойынсұнуға тура келеді».
***
Ресейдің «Солтүстіктен - оңтүстікке» деп аталатын бағдарламасын Қазақстанға да енгізу қажет деген ұсыныстар соңғы бірнеше аптада әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жүр. Ресейлік бағдарламаның ең негізгі мақсаты - жер-жердегі орыстарды өз елінде біріктіріп, Сібір сынды аймақтарының даму қарқынын ұлғайту. Ол үшін көршілес мемлекет азаматтарының барлық жағдайын жасауды көздеп отыр. Ал біздің елде, жасыратыны жоқ, солтүстік өңір орыстанып, ұлттық сана-сезім кенжелеп қалған. Осы орайда «бәлкім, бізге де тұрғындар өте тығыз шоғырланған оңтүстіктен солтүстікке азаматтарымызды миграциялау керек шығар» деген ой келеді. Десек те, бұл оймен келісетіндер бар да, келіспейтіндер бар. Сол үшін «Алаш айнасы» газеті «Тұрғындарды оңтүстіктен солтүстікке қарай миграциялау туралы бағдарлама қабылдау керек пе?» деген сұрақты мамандардың талқысына салып көрген.
***
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры бүгін көптеген қонақтар мен көрмерменді күтуде. Театр сахнасында көрнекті қазақ композиторы Мұқан Төлебаевтың жүз жылдық мерейтойына арналған әрі оның бірігей туындыларының бірі «Біржан мен Сара» операсы қойылады. Бұл жайында «Казахстанская правда» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Сегодня в Астане премьера» деген тақырыптағы мақалада баяндалған.