10:06, 10 Сәуір 2009
Хан ордасы
Хан ордасы – Қарағанды облысы Ұлытау ауданының орталығынан солтүстік-батысқа қарай он сегіз шақырым жерде теп-тегіс жазық далада үйіндісі сақталған аса маңызды тарихи ескерткіш.
Қаракеңгір өзеніне қарай Ақсай жылғасының құяр тұсындағы мүйісте, Қаратал өзенінің сол жағалауынан бір шақырым жерде орналасқан. Төрт бұрышты құрылыстың ұзындығы 150 метр, ені 90 метр шамасында. Бір-бірімен жапсарластыра салынған, арасынан су ағатын ор өтетін екі бөліктен тұрады. Үйінді бұрыштарының барлығы биік, әрі енділеу. Олардың сақшы-қарауылшыларға арналған мұнара екендігін байқауға болады. Сыртынан қазіргі өлшемдері бойынша жалпақтығы 5-7 метр, тереңдігі 1,4 метр ормен және жалпақтығы 5 метр, биіктігі 1,2 метр жалдармен күшейтілген тікбұрыш пішіндес, қаланың қабырғаларының ұзындығы 67,5-72 метр. Уақыт өте келе шөгіп, қазір диаметрі 10-12 метр, биіктігі 2-2,3 метр төбешік түрінде сақталған қарауыл мұнаралары бұрыштарында және әр қабырғаның ортасында орналасқан. Оңтүстік-шығыс қабырғадан ені 4,5 метр болатын қала қақпасы шығарылған. Төртбұрыш төбешік түрінде сақталған цитадель қаланың солтүстік бұрышында орналасқан. Қазбалар барысында қабырғаларды, жалдар мен қарауыл мұнараларын тұрғызуда жалпақ тастар, ұсақ қиыршық пен балшық кеңінен қолданылғаны анықталды. Құрылымы бойынша цитадель үш камералы, екі мұнаралы жеке бекініс іспеттес. Ол өзінің екі қабырғасымен қаланың солтүстік бұрышына жапсарласа салынып, ормен және жалмен бөлінген.
Топографиялық, типологиялық ерекшеліктері, табылған қыш ыдыстар сияқты зерттеу деректерін сараптай келе, ғалымдар қаланың өмір сүрген уақытын 9-11 ғасырларға мерзімдеді және бұл ескерткіштің ортағасырлық оғыздар мәдениетіне жататынын дәлелдеген. Табылып отырған қолдан иленген қыш ыдыстардың нақты ерекшеліктері Төменгі Сыр, Отырар өлкесіндегі оғыз ескерткіштеріне және этномәдени тұрғыдан оғыздарға жақын тұратын қиырдағы Дон алқаптарындағы печенег, түркі, хазар тайпаларының жәдігерлеріне ұқсайды. Дон алқаптарына аталған жұрттардың шығыстан, оның ішінде Қазақстан өлкелерінен барғанын ескерген және Сырдария оғыздарының деректерін кеңінен қарастырған Ж.Смайылов Ұлытау өңірінен табылып отырған оғыз қышының әуелі осы Орталақ Қазақстанда қалыптасқаны, сосын басқа өлкелерге тарағаны жайлы пікірді ұсынды.
Ескерткішке байланысты ғалымдар Ә.Марғұлан, С.Жолдасбековтер құнды ізденістер жүргізген. Сонымен қатар 1980-1990 жылдары арнайы қазбалар жүргізген Ж.Смайыловтың зерттеулері өте маңызды.
Академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан өз зерттеулерінде Хан ордасын ІХ-ХІІІ ғасырларда қорғаныс үшін тұрғызылған қамал-бекіністер тобына жатқызады.Дереккөздері:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 9 том
Қ.Ахметов, «Ұлытау», «Менің Отаным ? Қазақстан» сериясы