Бұл туралы бүгін қала тұрғындарының алдындағы есеп беру жиынында Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, қазір аталған нысандармен қоса қала әкімдігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, «Сулы-жасыл желекті бульвар», «Солтүстік шұғыласы» сияқты әкімшілік және тұрғын үй кешендері мен «Зүбәржат орам» әкімшілік кешенін аяқтауға қажетті қаржы мәселелерін толығымен шешкен. «Ал рухани-мәдени нысандар құрылысы бойынша бүгін басты 3 жоба жүзеге асырылуда. Олар 5 мың адамға есептелген «Хазірет Сұлтан» мешіт-сарайы мен 1 мың адамға арналған Классикалық опера және балет театры, сондай-ақ Қазақстанның алғашқы Президентінің қоры мен кітапханасы», деді елорда әкімі.
Оның мәліметтеріне қарағанда, 2011 жылы елімізде өтетін VII қысқы Азия ойындарына байланысты өткен жылы басты назар конькимен сырғанауға арналған жабылатын стадионға аударылды. Аталмыш нысан биылғы жылы аяқталуы тиіс. «Сондай-ақ сол жағалаудан салынып жатқан жаңа спорт кешені де ағымдағы жылы аяқталады.
«Ал қазан айында «Қазақстан» спорт кешенін жаңғырту бітеді», деді И.Тасмағамбетов.