Химия өнеркәсібінің тамырына қан жүгірмек - апталық шолу

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Химия өнеркәсібін дамытпай, экономиканы жемісті индустриялану туралы ойлаудың өзі артық. Өйткені, ол электронды өнеркәсіп, аккумулятор, энергия үнемдейтін құрылыс материалдары, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және экономиканың басқа да салаларының өндірісі үшін материалдарды жеткізуші болып саналады.

Дәл осы саланы өрлетуге бағытталған жоспар Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанға дейін де болған еді. Дегенмен ол сол кезеңде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың ағымдық проблемаларын шешу үшін шағын бейінді міндеттерге ғана назар аударылған болатын. Міне, осыдан кейін саланың семіп қалған тамырына қан жүгіртуді көздеген Үкімет стратегиялық мақсаттар әзірлеу үшін халықаралық сарапшылардың көмегіне жүгінуді жөн санаған еді. Аталған саладағы танымал сарапшылардың басын қосқан Nexant компаниясы 2010 жылы жаһандық тенденцияларды ескере отырып, жоспар түзіп, онда басымдыққа ие 300-ден астам өнімге сараптама жасай келе 36 өнімді таңдап алды. Осыдан кейін 2010-2014 жылдарға арналған химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі салалық бағдарлама әзірленді. Бағдарламаға енген жоғарыдағы 36 өнім 2030 жылға қарай толығымен шығарыла бастайтын болады. Бұл жайында осы аптада өткен Үкімет отырысында белгілі болды.

Алқалы жиын барысында бас баяндама жасаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев химия өнеркәсібі саласында жүйелі жұмыстардың жүргізілгендігін баса айта келе: «Нақты нәтижелер 2020 жылдан кейін, негізгі жобалар іске қосылғанда сезілетін болады. Жаңа өнімдер шығарудағы әлемдік тәжірибе жобаны құрылымдауға, салуға және тұрақты жұмыс істеуге қосуға 7-8 жыл қажет екендігін көрсетіп отыр. Біз 2030 жылға қарай Қазақстан барлық 36 басымдықты өнімді шығаруды игереді деп жоспарлап отырмыз», - деген еді. Жалпы, Үкімет межелеген міндеттер жемісті жүзеге асырылған жағдайда 2020 жылға қарай 15 мыңнан астам тұрақты, ал құрылыс кездерінде 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, өндіріс көлемі 1 трлн. теңгеге жетеді екен. Алайда, осыншама жұмыс орны құрылғанымен, оны ұршықша иіріп әкетер мамандар санының тапшылығы байқалады. Мұны Ә.Исекешев ашық айтты. «Қазіргі уақытта білікті кадрлар тапшылығы байқалады. Бағалау бойынша, 2020 жылға қарай түрлі біліктілікте кемінде 15 қызметкер талап етілетін болады. Оның ішінде жоғары білімді 3 мыңнан астам, ортатехникалық білімді 2 мыңнан астам адам және кәсіби білімі бар басқа да білікті жұмысшылар қажет», - деген ол Білім және ғылым министрлігінен елімізде іске қосылып жатқан өндіріс ошақтарын ескере отырып, білім бағдарламасын белсендіруді және қайта қарауды өтінді.

Отырысты қорытқан Үкімет басшысы Серік Ахметов салалық бағдарламаны жүзеге асыру кезеңіндегі қол жеткен жетістіктерге көңілі толатындығын білдірді. «Өндіріс көлемі мен химиялық өнімдердің экспорты екі есеге артты. Жаңа кәсіпорындар ашылуда, өнімнің жаңа түрлері шығарылып, жұмыс орындары құрылуда. Еңбек өнімділігі көрсеткіші және негізгі капиталға инвестиция тарту артып отыр», - деді ол. Сонымен қатар Премьер-Министр өкілетті органдарға салалық бағдарламаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды қатаң тапсыра келе: «Интеграциялық процестерді есепке ала отырып, отандық өндірушілер мүдделерін қорғау және химиялық өнімдерді сыртқы рыноктарға өткізуге шығару бойынша, сондай-ақ саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін маман дайындау мен қайта даярлау бойынша шаралар қабылдау қажет», - деді.

Қазақстан-Латвия: Меже тауар айналымын 2 есе арттыру

Осы аптада елімізге үш күнге ресми сапарлаған Латвия Республикасының Президенті Андрис Берзиньш қасына 70-тен астам делегат ерте келіпті. Олардың басым бөлігі - кәсіпкерлер. Мақсат айқын, Астана мен Алматы қалаларында ұйымдастырылған қазақстандық-латвиялық бизнес-форумында қазақ кәсіпкерлерімен тығыз байланыс орнату. Елорда төрінде өткен форумға қатысқан А.Берзиньш қазақ елінің жетістіктеріне айрықша көңіл аудара келе: «Сіздердің елдеріңіз Орталық Азиядағы ең үлкен сауда әрі экономикалық әріптесіміз. Сонымен қатар біздер сіздердің елдеріңіздің әлемдегі рөлі артып келе жатқандығын байқаудамыз», - деді. Сонымен қатар екі ел арасындағы экономикалық әрі мәдени байланыстарды дамытуға әруақыт мүдделі екендіктерін білдірді. Ал өз кезегінде Үкімет басшысы С.Ахметов: «Бірінші кезекте бизнес инвестициялық және сауда-экономикалық қарым-қатынастарды белсендіруге мүдделілік болатынына сенімдімін. Балтық бойындағы басқа елдермен салыстырғанда біздің Латвиямен арадағы сауда-экономикалық айналымымыз өте жоғары. Шынайы санды алар болсақ, ол шамамен 350 млн. долларды құрайды. Әрине, бұл бізді қанағаттандырмайды»,-деді. Оның атап өтуінше, қолдағы бар мүмкіншіліктер мен әлеуетті пайдалана отырып, бұл көрсеткішті екі есеге ұлғайтуға болады. Өйткені қазіргі таңда елімізде 130-ға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде. Сондай-ақ, Қазақстанда екі елдің кәсіпкерлері бірлесіп жұмыс істей алатын салалар да жеткілікті.

Айта кетерлігі, А.Берзиньш сапары барысында Қазақстан мен Латвия арасындағы үш келісімді рәсімдеп кетті. Біріншісі, білім беру және ғылым саласында ынтымақтастық туралы құжат. Екіншісі, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. Ал үшінші келісім туризм саласын қамтиды.

Қазақстан «жасыл» дамуға қадам басты

30 мамыр күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осылайша, әлемнің дамыған елдерімен терезесі тең болуды мақсат тұтқан Қазақстан эко­логиялық проблемаларды шешудің, адам өмірі үшін қолайлы қоршаған ортаны қалыптастырудың бірден-бір жолы - «жа­сыл» даму жолына бет алды. Таяуда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингке келген ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров аталған бағдарламаға қатысты біраз жайттың бетін ашты. Министрдің атап өтуінше, «Жасыл экономика» еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі болып саналады. Аталған тұжырымдама аясында 2050 жылға қарай ЖІӨ 3 пайызға артып, 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Тұтастай алғанда, «жасыл экономикаға» көшу үшін қажетті инвестициялар көлемі жыл сайын ЖІӨ-нің шамамен 1 пайызын құрайды. Ал бұл жылына 3-4 млрд. АҚШ долларына тең.

Тұжырымдамада электр энергетикасындағы баламалы және жаңартылатын энергияның үлесін 2030 жылға қарай - 30, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу мақсаты қойылған. Энергия үнемдеуді жоғарылатуға бағытталған шараларды жүргізу нәтижесінде электр қуатын өндіру қажеттілігі 2030 жылға қарай - 13, ал 2050 жылға қарай 10 пайызға азаятын болады. «Яғни, табиғи газдың ішкі бағасы жоғары болған жағдайда біздің энергия себетіміздің 11 пайызын жел мен күн, 8 пайызын атом, 10 пайызын су стансалары, 21 пайызын газ және 49 пайызын көмір құрайтын болады. 2050 жылға қарай жел мен күн энергиясы көздерінің үлесі 39, АЭС пен СЭС - 14, газ стансалары - 16 пайызды және қалған 31 пайызын жаңғыртылған немесе таза технологияларға негізделген жаңа буын көмір стансалары құрайды», - деді ол.

Сонымен қатар «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама су шаруашылығы саласындағы ресурстарды тиімді және үнемді қолдануды міндеттейді. Мұндағы мақсат - 2030 жылға қарай экономика мен халықтың қажеттіліктерін және табиғатты қорғауды қамтамасыз ету үшін еліміздің барлық аймақтарында су тапшылығын толықтай жою. «Негізі болжам бойынша Қазақстан және трансшекаралық су көздерін бізбен бөлісіп отырған елдер өздерінің экономикалық өсу қарқындарын сақтаса, ұлттық деңгейдегі су тапшылығы 2030 жылға қарай 14 млрд. текше метрді құрайды», - дейді Н.Қаппаров.

Жалпы, министрдің айтуынша, «жасыл экономикаға» көшу Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі мақсатына қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Жалпы есептеу бойынша 2050 жылға қарай «жасыл экономика» аясындағы жаңартулар ЖІӨ-ні қосымша 3 пайызға ұлғайтып, 500 мыңнан астам жұмыс орнын құруға, өнеркәсіп пен қызмет көрсетулердің жаңа салаларын қалыптастыруға, халық үшін сапалы өмір сүру стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.