АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Астананың «Барысы» өз айдынында Загребтің «Медвешчак» командасын қабылдап, 6:1 есебімен жеңіске жетті.
«Қазспорт» телеарнасынан көрсеткеніндей, «Барыс» сапындағы Найджел Доус ойын барысында хет-трик жасап, ерекше көзге түсті. Сондай-ақ Вадим Краснослободцев қонақтар қақпасын екі мәрте дәл көздесе, Брэндон Боченски тағы бір доптың авторы атанды.
Осы ойыннан кейін 59 ұпай жинаған «Барыс» Шығыс конференциясында бұрынғыша тоғызыншы орында келеді. Плей-офф кезеңіне шығуға мүмкіндік беретін сегіздікке ілігу үшін астаналықтарға әлі де қоржындағы ұпай санын көбейте түсу керек.
Андрей Назаровтың шәкірттері келесі ойынын 8 желтоқсан күні Хабаровскіде жергілікті «Амурмен» өткізеді. Содан кейін 10-11 желтоқсанда Владивостокта турнир кестесінде өзінің алдында тұрған команданың бірі «Адмиралмен» күш сынасады. Осы кездесулер «Барыс» үшін аса маңызды болмақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).