Хоккейден әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тағы бір жеңіліске ұшырады

СТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Германияда өтіп жатқан шайбалы хоккейден әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сейсенбі күні тағы бір жеңіліске ұшырады. Бұл жолы А.Шаяновтың тәрбиеленушілері Франция командасынан 3:5 есебімен жеңілді, деп хабарлады Қазақстанның Шайбалы хоккей федерациясының баспасөз қызметінен.

«2011 жылы да әлемдік біріншіліктің топ-дивизионында қалу құқығын сақтау үшін Қазақстан құрамасына бұл матчта бірнеше шайба айырыммен жеңіс қажет еді. Бірақ кезекті жеңіліс бізге бұл мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік берген жоқ, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының бірінші дивизионына қайта оралады»,- делінген федерацияның баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бұл ойында Қазақстан жақтан Роман Старченко, Вадим Краснослободцев және Дмитрий Дударев шайбалар соқты.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы Германияда алты кездесу өткізді. Ойындардың нәтижелері: Беларусь-Қазақстан - 5:2, Қазақстан-Словакия - 1:5, Ресей-Қазақстан - 4:1, Қазақстан-АҚШ - 0:10, Қазақстан-Италия-1:2, Франция-Қазақстан-5:3.