«Саламатты Қазақстан» бағдарламасын ҚР Үкіметі Елбасы жүктеген міндеттердің аясында іске асыруда. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің негізгі қағидаларының бірі науқастың стационарды еркін таңдау құқығын іске асыру болып табылады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, І жартыжылдықта ауруханаларға жатқызылған науқастардың 34 пайызы немесе 391 мыңнан астам адам өздерінің емхана таңдау құқықтарын пайдаланған және олардың 46 пайызы - ауыл тұрғындары.
Өз мекен-жайлары бойынша науқастардың 92,5 пайызы емделсе, 1,7 пайызы - басқа өңірлерге барып емделген, ал 5,8 пайызы - республикалық емханаларда мамандандырылған көмек алған. Оған қоса, науқастардың 84 пайызы ауруханаға жату кезектерін 10 күнге дейін күтсе, 16 пайызы ғана кезектерін 10 күннен аса күткен.
Айта кету керек, еліміздің барлық өңірлерінде емдеу мен диагностикалаудың инновациялық технологиялары енгізілуде. Өткен жартыжылдықта өңірлік деңгейде жоғары білікті медициналық көмек алған науқастардың саны 3 есеге ұлғайып, 8910 адамды құрады.
Оған қоса, 2012 жылы алғаш рет емдеу фактілері бойынша шығынды нақты өтеуді қарастырған клиникалық-шығынды топтар бойынша төлем жасау жүйесі енгізіліп отыр. Стационарлық және стационарлық-алмастыру қызметтерінің төлем тарифіне медициналық мамандардың біліктіліктерін жетілдіру мақсатында 1,1 млрд. теңге қаржы қосылып отыр. Бұл қаржыға әр медициналық ұйым қызметкерлерінің 20 пайызы біліктіліктерін жетілдіретін болады.
Денсаулық сақтау министрлігінен хабарлағандай, ағымдағы жылдың соңына дейін арнайы оқытылған 64 жаттықтырушы стационарлардың 535 маманын және бастапқы медициналық-стационарлық жәрдем қызметтерінің 244 маманын оқытады.
Оған қоса, медициналық онкологиялық көмектің төлем қағидасы да өзгертіліп отыр, бұдан былай онкологиялық науқас үшін кешенді тариф бойынша төлем жасау қарастырылып отыр. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің аясында онкологиялық науқастарға медициналық көмек көрсетуге 2012 жылы барлығы 23 131,5 млн. теңге бөлініп отыр, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,7 есеге көп.
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің аясында қарастырылған келесі жаңалық - амбулаторлық-емханалық көмек үшін жан басына шаққандағы норматив бойынша кешенді тариф енгізу болып табылады. Төлемнің бұл түрі 2012 жылдың 1 шілдесінен бастап ілкі жоба ретінде 15 ұйымның базасында енгізілді.
Жалпы алғанда, жоғары аталған іс-шаралардың барлығы мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының дербестігін арттыруға, оларды жаңартуға және медициналық қызметтердің сапасын арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің бәсекеге қабілеттігіне бағытталып отыр.