АСТАНА. KAZINFORM — Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында Ибрагим Магомадов грек-рим күресінен қола жүлдеге қол жеткізді.
Қазақстандық балуан 77 келіге дейінгі салмақта иорданиялық Амро Садехпен белдесті.
Кілемдегі төреші алдымен И.Магомадовты төрттағанға қойып, жергілікті балуан 3:0 есебімен алға кетті. Дегенмен екінші кезеңде Ибрагим дәл сондай сәтте қарсыласына дес бермей, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтай білді – 11:3.
Осылайша, И.Магомадов спорттық жолында Азия чемпионатында екінші рет қола алды. Сонымен қатар ол бұған дейін алтынға қоса күміс жүлдегер атанған еді.
Тағы бір қазақстандық Ербол Камалиев 55 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін белдесуде өзбекстандық Ихтиёр Ботировқа есе жіберді – 4:8.
Ал Сұлтан Әсетұлы 63 келіге дейінгі салмақта солтүстіккореялық Чан Кимпен 0:7 есебімен ойсырай ұтылып, 5-орынды қанағат тұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпионатында тағы үш қазақстандық балуанның қолаға таласатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).