Иесіз жануарлар: мәселе жануарда ма, жауапкершілікте ме

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда иесіз жануарлар мәселесі соңғы жылдары қоғамды алаңдатқан өзекті тақырыптың біріне айналды. Бірі көшеде көбейген иттер адам қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр десе, енді бірі мәселенің түп-төркіні жануарларда емес, оларды қараусыз қалдыратын адамдардың жауапсыздығы мен бақылау жүйесіндегі олқылықтарда деп есептейді.

Фото: Kazinform

Жуырда Мемлекет басшысы осы салаға қатысты заңға қол қойды. Құжат екі айдан кейін күшіне енеді. Алайда бұл заң мәселені шеше ала ма? Иесіз жануарлар саны неге азаймай отыр? Kazinform тілшісі осы сауалға жауап іздеп көрді.

Иесіз жануарлар саны неге азаймай отыр?

Қазақстанда иесіз жануарлардың нақты саны есептелмейді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, қолданыстағы заңнамада мұндай есеп жүргізу тәртібі қарастырылмаған. Дегенмен жергілікті атқарушы органдардың деректері түйткілдің әлі де өзекті екенін көрсетеді. 2023 жылы ел бойынша 251 349 ит пен 12 709 мысық ауланған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 269 480 ит пен 13 388 мысыққа жеткен. Ал 2025 жылы 276 282 ит пен 9 966 мысық ұсталған.

Фото: Kazinform

Бұл мәліметтер иесіз жануарлардың нақты санын емес, ауланған жануарлардың есебін ғана қамтиды. Дегенмен көрсеткіштердің бірнеше жыл қатарынан төмендемеуі мәселенің түбегейлі шешілмегенін аңғартады. Сарапшылар мұны көшедегі жануарлардың өзімен емес, олардың қатарының тұрақты түрде толығып отыруымен байланыстырады.

Министрлік мұндай жағдайдың негізгі себебін мәлім етті.

— Қаңғыбас және қараусыз қалған жануарлар санының көбеюінің басты себебі — олардың иелерінің жауапсыздығы, — делінген комитеттің жауабында.

Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының бас қызметкері, ветеринария ғылымдарының докторы Әспен Әбутәліптің айтуынша, көшеде жүрген жануарлар негізінен екі жолмен пайда болады. Біріншісі — иелері кейіннен тастап кеткен үй жануарлары. Екіншісі — көшеде бақылаусыз көбейген олардың күшіктері.

— Иесіз жануарлар қатарының азаймауына ең алдымен бақылаусыз көбею әсер етеді. Жануарды қараусыз қалдыру мәселенің басы болса, олардың кейін еркін көбейіп кетуі жағдайды одан әрі күрделендіреді. Сондықтан бұл екі бағыттағы мәселе қатар шешілмесе, жағдай жыл сайын қайталана береді, — дейді маман.

Фото: Әспен Әбутәліптің жеке архивінен

Қауіп тек көшедегі иттерден келе ме?

Қоғамда адамға төнетін қауіп көбіне иесіз иттермен байланыстырылып жатады. Алайда ресми статистика жағдайдың бұдан әлдеқайда күрделі екенін көрсетеді.

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылы иттердің адамға шабуыл жасауының 41 366 жағдайы тіркелген. Оның 23 134-і көшеде жүрген иттерге қатысты болса, 18 232 жағдайда адамдарға иесі бар иттер шабуыл жасаған. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында тіркелген 3 525 жағдайдың 1 924-і иесі бар иттердің үлесіне тиесілі.

Фото: Kazinform

Бұл деректер қауіптің барлығын иесіз жануарлармен байланыстыруға болмайтынын аңғартады. Өйткені адамға шабуыл жасаған иттердің арасында иесі бар жануарлар да аз емес.

Мұның өзі мәселенің тек көшеде жүрген иттермен шектелмейтінін көрсетеді. Жануардың иесі болуы оның айналаға қауіп төндірмейтініне кепіл бола алмайды. Егер оны күтіп-ұстау талаптары сақталмаса, бақылаусыз жіберілсе немесе тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлінбесе, мұндай жағдайлардың соңы қайғылы оқиғаларға ұласуы мүмкін.

Демек, қоғамдық қауіпсіздік мәселесін тек иесіз жануарлар арқылы түсіндіру жеткіліксіз. Бұл жерде жануар иелерінің жауапкершілігі мен оларды ұстау мәдениетінің де маңызы зор.

Неліктен АҰВҚ тәсілі нәтиже бермеді?

Қазақстанда 2021 жылдан бері АҰВҚ (аулау — ұрықсыздандыру — вакциналау — қайтару) тәсілі қолданылып келді. Оның мақсаты — жануарларды жоймай, олардың көбеюін шектеу арқылы иесіз жануарлар санын біртіндеп азайту болатын.

Бұл жүйе бойынша ауланған жануарлар ұрықсыздандырылып, вакцина салынғаннан кейін бұрынғы мекеніне қайта жіберілетін. Сол кезде аталған тәсіл жануарларға ізгілікпен қарауға негізделген тиімді шешім ретінде ұсынылды.

Алайда бірнеше жыл ішінде күткен нәтиже байқалмады. Иесіз жануарлар саны азайған жоқ. Адамдарға шабуыл жасау оқиғалары да тоқтамады.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, ұрықсыздандырылған жануарлар да үйір болып жүреді. Қорек іздегенде немесе өз аумағын қорғаған кезде адамдарға қауіп төндіруі мүмкін. Бұдан бөлек, жол-көлік оқиғаларына себеп болып, ауыл шаруашылығы жануарларына зиян келтіреді.

Осы жайттарды негізге алған уәкілетті органдар АҰВҚ тәсілі қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан өзін толық ақтамады деп есептейді. Соның нәтижесінде ұсталған жануарларды қайтадан көшеге жіберу тәжірибесінен бас тарту туралы шешім қабылданды.

Дегенмен бұл тұжырыммен келіспейтіндер де бар. Жануарларды қорғаушылар мәселе тәсілдің өзінде емес, оны іске асыру барысында кеткен олқылықтарда деп санайды. Олардың пікірінше, жануарларды міндетті тіркеу, чиптеу, есепке алу және ұрықсыздандыру жұмыстары толық жолға қойылмайынша, кез келген тетіктің тиімділігі шектеулі болмақ.

Бұл пікірді Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының бас ғылыми қызметкері Әспен Әбутәліп те қолдайды. Оның айтуынша, ұрықсыздандыру нақты нәтиже беруі үшін бұл жұмыс жүйелі әрі үздіксіз жүргізілуі қажет.

— Қазақстандағы негізгі мәселенің бірі — жұмыстың барлық өңірде бірдей деңгейде ұйымдастырылмауы. Кей жерлерде қаржыландыру жеткіліксіз болса, енді бір өңірлерде ветеринариялық клиникалар мен панажайлардың мүмкіндігі шектеулі. Жануарларды аулау, ұрықсыздандыру, есепке алу және кейінгі бақылау тетіктері де толық қалыптаспаған. Сондықтан тәсілдің тиімділігін бағалағанда оның қағидаттарына емес, іс жүзінде қалай орындалғанына назар аудару қажет, — дейді маман.

Түйін жануарда ма, жауапкершілікте ме?

Иесіз жануарлар санының көбеюіне не себеп? Бұл сұраққа қатысты пікірлер әртүрлі болғанымен, мамандар мәселенің түп-төркіні көбіне жануарларда емес, адамдардың әрекетінде жатқанын айтады.

«Добрый город» қайырымдылық қорының жетекшісі Наталья Уголькованың айтуынша, иесіз жануарлар санының артуына бақылаусыз көбейту, үй жануарларын қараусыз қалдыру, сәйкестендіру жүйесінің әлсіздігі және иелерінің жауапсыздығы әсер етеді.

Оның пікірінше, салдармен емес, себеппен күресу қажет.

— Көшедегі жануарлар өздігінен пайда болмайды. Егер бақылаусыз көбейту тоқтамаса, міндетті тіркеу мен чиптеу толық енгізілмесе және жауапты иелік мәдениеті қалыптаспаса, бұл жағдай қайта-қайта қайталана береді, — дейді ол.

Сарапшының сөзінше, жануарларды жаппай жою ұзақ мерзімді нәтиже бермейді. Өйткені бос қалған аумақтарды уақыт өте келе басқа жануарлар қайта мекендейді.

Наталья Уголькова әр елдің тәжірибесін сол күйінде көшіру де дұрыс емес деп есептейді. Себебі әр өңірдің табиғи жағдайы, қоныстану ерекшелігі мен халық тығыздығы әртүрлі. Сондықтан мұндай шешімдер жергілікті жағдайға бейімделуі қажет.

Әлемдік тәжірибе нені көрсетеді?

Иесіз жануарлар мәселесі Қазақстанға ғана тән емес. Мұндай түйткілмен әлемнің көптеген елі бетпе-бет келген. Алайда олардың кейбірі көшедегі жануарлар санын азайтып, жағдайды бақылауға ала алды.

Соның бірі — Нидерланд. Өткен ғасырдың 70-жылдарында бұл ел АҰВҚ тәсілін енгізіп, жануарларды жаппай ұрықсыздандыруға кірісті. Мамандардың дерегінше, ұрықсыздандыру деңгейі 70 пайызға жеткен кезде популяцияның табиғи өсімі тоқтап, кейін біртіндеп азая бастаған. Сонымен қатар жануарларды міндетті тіркеу мен чиптеу жүйесі енгізіліп, иелеріне қойылатын талаптар күшейтілді. Соның нәтижесінде Нидерланд иесіз жануарлар мәселесін тиімді шеше алған елдердің біріне айналды.

Қазақстанға жақын мысалдардың бірі — Ресейдің Төменгі Новгород қаласы. Жергілікті билік мәліметінше, 2014 жылдан бері мұнда иесіз жануарлар саны 15 есе азайған. Адамдарға шабуыл жасау деректері де едәуір төмендеген. Бұған АҰВҚ тәсілімен қатар панажайлар жүйесін дамыту және жануарларға жаңа иелер табу жұмыстары ықпал еткен.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай күрделі мәселені бір ғана тәсілмен шешу мүмкін емес. Нәтиже болуы үшін ұрықсыздандыру, вакциналау, есепке алу, сәйкестендіру және жауапты иелік мәдениеті қатар жүруі керек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құтырудың таралуын тоқтату үшін белгілі бір аумақтағы иттердің кемінде 70 пайызы вакцинамен қамтылуы қажет екенін айтады. Сондықтан көптеген елде вакциналау мен ұрықсыздандыру жануарлар санын реттеудің ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің де маңызды құралы саналады.

Заң не өзгертеді?

2026 жылғы 19 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістерге қол қойды. Құжат жануар иелерінің жауапкершілігін күшейтуге, оларды ұстау және серуендету тәртібін нақтылауға, сондай-ақ басқа адамдарға немесе олардың мүлкіне келтірілген залал үшін жауапкершілікті айқындауға бағытталған.

Президент бұған дейін иесіз жануарлар мәселесінің түпкі себебі азаматтардың немқұрайдылығында екенін айтқан болатын. Оның пікірінше, кейбір адамдар жануарды қызығып асырап алады да, кейін қараусыз қалдырады немесе көшеге тастап кетеді. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жануар иелерінің жауапкершілігін күшейту қажет.

Заңдағы өзгерістердің басым бөлігі де осы мәселеге назар аударады. Ең алдымен терминология нақтыланды. Бұдан былай ресми құжаттарда «қаңғыбас жануар» емес, «иесіз жануар» атауы қолданылады.

Бұл өзгеріс атауды ауыстырумен ғана шектелмейді. Оның астарында көшеде жүрген жануарлардың қайдан пайда болатынына назар аудару мақсаты жатыр. Өйткені олардың басым бөлігі кезінде иесі болған жануарлар.

Заңдағы маңызды жаңалықтардың бірі — иттер мен мысықтарды міндетті чиптеу. Министрліктің түсіндіруінше, чип жануарды сәйкестендірудің негізгі құралына айналады. Себебі қарғыбау, сырға секілді белгілерді алып тастауға немесе басқа жануарға тағуға болады.

Егер жануарды аулау кезінде оның ақпараттық жүйеде тіркелмегені анықталса, ол иесіз жануар ретінде есепке алынады.

Қазіргі уақытта «ТАБАН» бірыңғай базасында 252 804 жануар тіркелген. Оның ішінде 190 519 ит, 62 273 мысық және 12 өзге үй жануары бар.

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, чиптеудің орташа құны өңірлерге қарай 4 500–5 000 теңге аралығында. Жалпы алғанда, заңдағы өзгерістердің негізгі мақсаты — жауапкершілікті жануардан оның иесіне қарай бағыттау. Себебі көшеде жүрген әрбір иесіз жануардың артында оны қараусыз қалдырған немесе бақылауынсыз жіберген адам тұруы мүмкін.

Иесіз жануарлар мәселесіне қатысты пікірлер әртүрлі болғанымен, мамандардың басым бөлігі бір мәселеде ортақ пікірде. Көшеде жүрген жануарлар өздігінен пайда болмайды. Олардың басым бөлігі кезінде иесі болған немесе бақылаусыз көбейген жануарлардың тұқымы. Сондықтан мәселенің шешімі міндетті тіркеу мен чиптеуді толық енгізуді, ұрықсыздандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуді және ең бастысы, жануар иелерінің жауапкершілігін күшейтуді талап етеді.

Соңғы жылдардағы деректер де мәселенің бір ғана себептен туындамайтынын көрсетіп отыр. Иесіз жануарлар санының азаймауы, адамдарға шабуыл жасау оқиғаларының сақталуы және АҰВҚ тәсілі төңірегіндегі пікірталастар жағдайдың күрделі екенін аңғартады.

Сондықтан нәтижені тек ауланған жануарлар саны немесе қабылданған заңдар арқылы бағалау жеткіліксіз. Негізгі өзгеріс жауапты иелік мәдениетін қалыптастырудан басталады. Өйткені көшеге шыққан әрбір иесіз жануардың артында оны қараусыз қалдырған, бақылауынсыз жіберген немесе өз міндетіне салғырт қараған адам тұруы мүмкін. Демек, бұл мәселенің түйіні жануарда емес, жауапкершілікте жатыр.