деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шілденің 1-2-де өтетін ІІІ Астана экономикалық форумы "Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі орнықты экономикалық даму" деген тақырыппен өткелі отыр. Экономикалық сұхбат алаңдарының біріне айналған бұл форумның авторы 2007 жылы Санк-Петербург экономикалық форумында ҚР Президенті көтерген идея бойынша құрылған ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы. Оған бірқатар халықаралық қауымдастықтар мен түрлі жоғары оқу орындары және 39 елдің ғылыми орталары енеді.
"Былтыр бұл шараға әлемнің алыс-жақын шет елдерінен саяси және іскерлік ортаның 1 мың өкілі қатысқан болатын. Биыл, қазірдің өзінде 1200 адам тіркеліп отыр. Форум жұмысына қатысуға өз келісімін бергендер арасында экономика ғылымы бойынша Нобель сыйлығының 3 лауреаты бар. Оның ашылу рәсімінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының Бас хатшысы Ян Кубиш, Нобель сыйлығының 2004 жылғы экономика саласындағы лауреаты Финн Е. Кидланд, БҰҰ-ның өнеркәсіптік даму жөніндегі Бас директоры Кандэ К. Юмкелла және тағы басқа құрметті меймандар сөз сөйлеуі жоспарлангып отыр", деді ҚР Президетінің көмекшісі Бақыт Сұлтанов. Оның айтуынша, форумның алғашқы күні көрме, Инновациялық конгресс, Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің іскерлік форумы, Стратегиялық жоспарлауда "Жасыл даму" қағидалары бойынша ықпалдасу механизмдері туралы сессия мәжілісі, "Әлемдегі мемлекеттік-жеке әріптестік орталықтары" деп аталатын конференция, Адам ресурстарын басқару жөніндегі дөңгелек үстел мәжілісі өтеді. Ал екінші күні Инновациялық конгресс өз жалғасын тауып, панелдік сессиялар "Ғаламдық энерго-экологиялық стратегияны қалыптастыру", «Исламдық қаржыландыруды реттеу механизмдері», "Экономикалық ықпалдастық", "Елдің дағдарыстан кейінгі дамуындағы жастардың рөлі", " Әлемдік жаңа қаржы сәулетін құру" деген тақырыптарда өтеді. Сондай-ақ мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту мүмкіндіктері туралы дөңгелек үстел басқосуы болады.