ІІМ: Соңғы аптада республикада ұйымдасқан қылмыспен күреске байланысты 14 қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. Маусымның 29-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Соңғы аптада республикада ұйымдасқан қылмыспен күреске байланысты 14 қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ қылмыстық ортаның 2 беделдісі мен қылмыстық топтың 4 мүшесі ұсталды. Бұл туралы бүгін брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Қарағанды облысы ІІД-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқарамасының қызметкерлері маусымның 27-сі күні Теміртау қаласында ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі мен Астана қаласының азаматшасын ұстады.

 Ұсталғандардың автокөлігінен 170 грамм героин табылды. Ал жалдап тұрып жатқан пәтерлерінің ішінен 1 килә 200 грамм есірткі алынды.

 Бұның алдында мамыр айында Қарағандыда құқық қорғаушылар аталмыш топтың беделдісін қолға түсірген болатын. Ол кезде одан «МТ» тапаншасы, 1 килә героин тәркіленді.