Іле Алатауы мемлекеттік- ұлттық паркіне өткен жылы 113 660 адам саяхаттап келді - директордың орынбасары

АЛМАТЫ. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - "Спорттық қозғалысты жандандыру - ұрпақ салауаттылығының кепілі. Бұл Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында да ашық айтылды", дейді ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Іле Алатауы мемлекеттік-ұлттық паркі директорының орынбасары Қуат Байтұрбаев.

Іле Алатауы мемлекеттік- ұлттық паркі Үкіметтің 1996 жылғы ақпанның 22-сіндегі арнайы қаулысының негізінде құрылған болатын. Парк Шамалған өзенінің сол жағалауынан бастап Түрген өзеніне дейінгі ұзындығы 120, ені 30 шақырымдық үлкен аумақты алып жатыр. Оның жалпы жер көлемі 199 703 шаршы шақырымды құрайды.

"Онда саяхатшылар үшін 42 туристік бағыт бар. Оның 13-і экологиялық, 22-сі аттылы-жаяу адамдарға, ал жетеуі автокөлікті саяхатшыларға арналған. Жылдың жылы маусымдарында демалыс күндері саяхатшылардың басым бөлігі парктің Түрген филиалындағы Есік көлі мен сарқырамасына барады. Қысқы маусымда парк аумағында демалыстың шанамен сырғанау түрлері жақсы жолға қойылған. Былтыр бізге 113 660 адам саяхаттап келді, ал алдыңғы жылы олар 193 мың болған. Биылғы жылы бұл 200 мыңға жуықтайды деп жоспарлап отырмыз", дейді директордың орынбасары Қ.Байтұрбаев. Оның айтуынша, Елбасының: "2011 жылғы Қысқы Азия ойындары үшін біз дайындап жатқан спорттық инфрақұрылымдар өңірлерді Астана мен Алматыдан қалып қоймауға итермелей отырып, бұқаралық дене шынықтыру-спорттық қозғалысын дамыту үшін қажетті алғышарттар жасайтын болады. Туризм және спорт министрлігі әкімдермен бірге елде бұқаралық спортты дамыту үшін бірлескен іс-шараларды анықтап, оларды нақты іске айналдыруы тиіс", деген тапсырмасынан кейін оған толық негіз бар деп айтуға болады.