Іле-Балқаш аумағының экологиясы мамандарды алаңдатып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғалымдар мен ауылшаруашылық мамандары Іле-Балқаш аумағы экологиялық жүйесінің келешегіне алаңдайды. Сондықтан су мен жайылымдықтарды тиімді пайдалану және егістік алқаптарды әртараптандыру жайы жиі айтыла бастады, деп хабарлады «Хабар» агенттігі.

Талдықорғанда өткен ғылыми-тәжірибелік семинарға қатысушылар бұл мәселеге БҰҰ-ның Даму бағдарламасы арқылы да ықпал етуге болатынын айтады. Жиында Іле-Балқаш резерватын құру және өсімдік пен жануарлар әлемін сақтау, табиғатты қорғау жұмыстарына «жасыл» технологияны қолдану жайы сөз болды. Суды үнемдеп пайдаланудың маңыздылығы да ұмыт қалған жоқ.

- Осының төңірегінде қазір жоба жасалынды. 20 миллион теңгенің көлемінде ақша бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр. Енді үлгеретін болсақ, биылғы су алу науқанына дейін бөгет қою мәселесі жөніндегі жұмыстар іске асырылмақ. Болмаған жағдайда келесі жылға толық қамтамасыз етеміз деп, ауылшаруашылық министрлігі, су комитеттерімен келісім арқылы жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков.