Ілеспе аударма жүргізудің шеберлік сыныптары өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы 2016 жылдың тамыз және қараша айларында Астана қаласында 2 кезеңнен тұратын қазақша-орысша, орысша-қазақша ілеспе аударма жүргізуді үйретудің апталық шеберлік сыныптарын өткізді.

Шара «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында мемлекеттік тілдің қолданысы деңгейін кеңейту және ілеспе аудармашылардың біліктілігін арттыру мақсатында өткізілді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша,  шеберлік сыныптарына орталық және жергілікті атқарушы органдары мен ұлттық компаниялардың аудармашы мамандары біліктіліктерін көтеріп және шығармашылық әлеуеттерін арттырды.

Апталық шеберлік сыныптарын аударма теориясы, жазбаша және ауызша аударма ерекшеліктері, ілеспе аудармашыға қажетті базалық грамматикалық және фразеологиялық модельдер, сөздік қорды байыту жұмыстары бойынша дәріс оқылды. Сонымен қатар, аудармашы мамандарға аударма теориясы мен практикасының және аударматанудың өзекті мәселелері шеңберінде оқу-әдістемелік көмек көрсетіліп, тәржімелеу және ілеспе аударма саласындағы озық тәжірибелермен ой алмасты.

Шеберлік сабақтарын белгілі аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова жүргізді.

Тыңдаушыларға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің сертификаттары табыс етілді.