Ым-ишара тіліне мемлекеттік мәртебе қажет – депутаттар

АСТАНА. KAZINFORM – Respublica партиясы «ым-ишара тілінің» мәртебесін заң жүзінде бекітуді және ақпарат алмасудың негізгі құралы ретінде тануды ұсынып отыр. Тиісті түзетулер Сенаттың қарауына жіберілді.

Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі

Тұтас заңнамада ым-ишара ұғымының болмауы салдарынан есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтар қоғамдық өмірге толыққанды араласа алмай отыр. Қордаланған мәселелер қатарында сурдоаудармашылар мен сурдопедагогтар тапшылығы да бар.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякованың айтуынша, бүгінде елімізде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан астам азамат тұрады. Ал олардың отбасы мүшелерін қоса есептегенде, бұл мәселе 100 мыңнан астам адамның өміріне тікелей әсер етеді.

– Соған қарамастан, ым-ишара тілі заңнамада толыққанды дербес ұғым ретінде де, ақпарат пен мемлекеттік қызметтерге қол жеткізудің толық тетігі ретінде де мойындалмаған. Біз Әлеуметтік кодекске «ым тілі» ұғымын ресми түрде енгізуді және оны есту қабілеті бұзылған азаматтар үшін негізгі қарым-қатынас құралы ретінде тануды көздейтін түзетулерді ұсындық. Бұл – аз уақытта қол жеткізілген үлкен нәтиже және саңырау азаматтардың құқықтарын қорғау мен олардың қоғамға толыққанды араласуына бағытталған маңызды қадам, – деді Е. Смолякова Мәжілісте өткен фракция отырысында.

Отырыста көтерілген негізгі мәселелердің бірі – есту қабілеті бұзылған балалар мен жастардың білімге қолжетімділігі болды. Жиында айтылған мәліметке сәйкес, бүгінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларда есту қабілеті бұзылған 4 576 бала тіркелген. Оқу-ағарту министрлігіне жолдаған сауалында депутат мұндай балаларды оқыту сапасы мен мамандар тапшылығы мәселесін көтерді.

– Оларды мектепке дайындау мен оқыту қалай ұйымдастырылған? Ата-аналардың айтуынша, кейбір білім беру ұйымдарында, мысалы №65 мектепте, балаларға ым тілін қолдануға тыйым салынып, тек дактильді қарым-қатынас талап етіледі. Соның салдарынан олар сұрақ қоя алмайды, тапсырмаларға жауап бере алмайды және мұғалімнен ақпаратты толық қабылдай алмайды, – дейді депутат.

Сонымен бірге, жоғары білімнің қолжетімділігі мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда есту қабілеті бұзылған 30 мыңнан астам азамат өмір сүрсе де, 2025 жылы жоғары оқу орындарында олардың тек 180-і ғана білім алған. Бұл өте төмен көрсеткіш және жоғары білімнің қолжетімділігіне қатысты жүйелі кедергілердің бар екенін көрсетеді.

Екатерина Смолякова сурдоаударма саласындағы кадр тапшылығын да көтерді. Бүгінде еліміздегі колледждерде тиісті сертификаты бар небәрі 24 білікті сурдоаудармашы жұмыс істейді. Алайда бұл барлық өңірдің қажеттілігін өтеуге жеткілікті ме, деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр.

Талқылаудың тағы бір бағыты – есту қабілеті бұзылған азаматтардың құқық қорғау жүйесіндегі құқықтарын қорғау мәселесі болды. Ішкі істер министрлігіне қарата

айтылған мәселеде депутат Қазақстанда былтыр шамамен 65 мың қылмыстық құқықбұзушылық тіркелгенін еске салды.

– Қылмыстық істердің ішінде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтар жәбірленуші, куәгер немесе күдікті ретінде кездесуі мүмкін. Мұндай жағдайда олардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделері қалай қамтамасыз етіледі? Өтініш қабылдау, жауап алу және тергеу әрекеттері кезінде білікті ым-ишара тілі аудармашыларын қамтамасыз ету тетігі қалай реттелген?, – деп сұрады депутат ІІМ өкілдерінен.

Тұрғын үй саясатына қатысты мәселелер де көтеріліп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сауал жолданды.

Мәжіліс депутатының айтуынша, III топтағы мүгедектігі бар есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтар әлеуметтік тұрғын үй алу мүмкіндігінен қағылып жатады.

– Бұл санаттағы азаматтар көбіне жұмысқа орналасуда қиындық көреді, жеке баспана сатып алуға жеткілікті табыс таппайды және іс жүзінде әлеуметтік тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндігінен айырылып отыр, – деді депутат.

Сондай-ақ отырыста есту қабілеті бұзылған азаматтарды медициналық және әлеуметтік қолдау мәселелері де сөз болды. Атап айтқанда, кохлеарлық имплант орнатылған азаматтарға қатысты түйткілдер көтерілді.

Депутаттың айтуынша, операциядан кейін есту мен сөйлеу қабілеті толық қалпына келе бермейді, алайда мұндай азаматтар кейбір қолдау шараларынан, соның ішінде жылына 60 сағат сурдоаударма қызметі мен арнайы техникалық құралдардан айырылып қалуы мүмкін.

Екатерина Смолякова есту қабілеті бұзылған азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне де тоқталды. Ол білім алған түлектердің өз мамандығы бойынша жұмысқа қаншалықты орналасатыны, жұмыс берушілер тарапынан қандай кедергілер бар екені және мемлекет бұл санаттағы азаматтардың жұмыспен қамтылуын арттыру үшін қандай

шаралар қабылдап жатқаны жөнінде мәлімет сұратты.

Сөз соңында Екатерина Смолякова есту-сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтардың мәселелері бір күнде пайда болмағанын, жылдар бойы қордаланып келгенін атап өтті.

– Бұл түйткілдер кеше ғана пайда болған жоқ. Олар жылдар бойы жинақталды. Сондықтан бүгін тек мәселені көтеру жеткіліксіз, оны шешудің нақты тетіктерін, тиімді қолдау шараларын және іске асыруға болатын бағдарламаларды ұсыну қажет, – деп түйіндеді депутат.

Айта кетейік, биыл толық есту қабілетінен айырылған 523 бала мемлекеттің есебінен тегін есту импланттарын алды.

2026 жылдан бастап есту қабілеті бұзылған балалар аппараттармен тегін қамтыла бастады.