«Имеди» телекомпаниясы тағы да кешірім сұрады

АСТАНА. Наурыздың 22-сі. ҚазАқпарат - «Имеди» телекомпаниясы ресейлік әскердің ел аумағына «басып кіргені» туралы наурыздың 13-і күні шыққан телебағдарламасы үшін Тбилисиде тіркелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің елшілерінен және Грузия жұртшылығынан тағы да кешірім сұрады,

деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі. Телекомпания сенбі күні ақпараттық бағдарламасында осындай мәлімдеме жасады.

Ол мәлімдемеде, Грузияның Коммуникациялар жөніндегі ұлттық комиссиясының шешіміне сәйкес «Имедидің» жұртшылықтан кешірім сұрайтыны атап көрсетілген. Телекомпания «Хабар таратушылардың кодексін бұзғаны және жұртшылықты адастырғаны үшін» кешірім сұрады. Мәлімдемеде сондай-ақ, «бірқатар шет мемлекеттердің елшілері бейнеленген кадрлардың наурыздың 13-індегі сюжетте «олардың келісімінсіз қолданылғаны және олардың аузымен айтылған мәлімдемелердің барлығы «имитация болғаны», сол үшін «Имедидің» олардан кешірім сұрайтыны» атап көрсетілген.

«Имеди» жанжалды сюжеті үшін бұған дейін, наурыздың 13-і мен 14-і күндері көрермендерден кешірім сұраған болатын, ал бұл жолғы кешірімді компания Грузияның Коммуникациялар жөніндегі ұлттық комиссиясының нұсқауын орындап, сұрап отыр.