Индонезияда Boeing 737 ұшағы апатқа ұшырап, 20 адам зардап шекті

АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат - Индонезияда Boeing 737 ұшағының сәтсіз қонуы салдарынан кем дегенде 20 адам зардап шеккен.

Merpati Airlines компаниясына тиесілі Boeing жолаушылар ұшағы сәуірдің 13-і күні Маноквари қаласы әуежайының ұшу-қону алаңынан шығып кетіп, өзенге қарай сырғыған.

Өзенге құлап, бірнеше бөлікке бөлінген лайнердің бортында шамамен 100 адам болған. Белгілі болып отырғаны, ұшақ қолайсыз ауа райы кезінде қонуға әрекеттенген, деп хабарлайды РБК агенттігі.

Boeing 737 тарихындағы ең ірі апат бразилиялық Gol Transportes Aereos авиакомпаниясына тиесілі ұшақтың құлауы болатын. Embraer Legcy 600 жолаушылар ұшағымен соқтығысып құлаған лайнердің 154 адамы қаза тапқан еді.

2010 жылғы қаңтардың 25-іне дейін барлығы 149 Boeing 737 ұшағы апатқа ұшырап, 3835 адам қаза тапты. Сонымен қатар лайнер 110 рет террористік шабуылға ұшырады.